вице-министр павлодарлық баланың қылмысы туралы айтты
Марат Қожаевтың айтуынша, жасөспірімнің ата-анасы ішімдікке салынған, бала тәрбиесіне мән бермеген
НҰР-СҰЛТАН, 12 қыркүйек – Sputnik. Ішкі істер министрлігінің бірінші орынбасары Марат Қожаев балаларға қарсы жасалған қылмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға осы жылы 22 маусымда Павлодарда болған.
«16 жастағы бала отбасындағы ұрыс-керіс кезінде мас әкесін пышақпен жарақаттап, өлтіріп алған. Отбасының тұрмысы нашар, баланың анасы мен әкесі де ішімдікке салынған. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған», — деді Қожаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Вице-министр биыл 8 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында тұратын отбасылардың бірінде болған сұмдықты мысалға келтірді.
«Үш жасар қыз түрлі жарақатпен ауруханаға түсіп, кейін көз жұмған. Анықталғандай, сәбидің анасы бас бостандығы шектелген адам ретінде полицияда есепте тұр. Ал өгей әкесі бұрын істі болған. Қазір соңы өлімге әкеп соққан, адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», — деді ол.
Тағы оқыңыз: «Әлі де жеңілдеу»: сенат депутаты кімді өлім жазасына кесу керектігін айтты
Қожаевтың айтуынша, балалардың құқығы көп жағдайда отбасындағы проблемалардың салдарынан бұзылады. Ата-ананың ішімдікке салынуы, жалақының аздығы, басқа да тұрмыстық мәселелер.
«Нашар отбасынан шыққан балаларға дер кезінде көмек көрсетілсе, бұл проблема жойылады. Осы мақсатта біздің бастамамызбен биыл сәуірден бастап полицияда есепте тұрған, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен кәмелетке толмаған балалар медициналық-әлеуметтік есепке алынады», — деді ол.
Ішкі істер министрлігінің ақпаратынша, 8 айдың қорытындысы бойынша жасөспірімдер жасаған заңбұзушылық саны 9%-ке төмендеген. Соның ішінде кәмелетке толмағандардың адам өлтіру қылмысы 62%-ке, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 17%, тонау 41%, ұрлық 8%, бопсалау 31% және бұзақылық 5%-ке азайған. Қылмыстың жартысынан астамын мектеп оқушылары жасаған.
Тағы оқыңыз: Балалар үйіндегі қанды қырғын: павлодарлық үш жасөспірім 6 адамды қалай өлтірді
Жыл сайын түрлі заң бұзушылық жасағаны үшін полиция органдарына шамамен 100 мыңдай кәмелетке толмаған бала жеткізіледі.
sputniknews.kz