ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ? | «Айқын» газеті
Алматыдағы Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институтында «Нұр Отан» партиясының «Аграрлық сектор» бағыты бойынша комиссиясының көшпелі мәжілісі өтті. Басқосуда еліміздегі ветеринарлық қауіпсіздік мәселелері қарастырылып, оны шешу жолдары әңгіме болды.
Қазіргі таңда Мәжілісте АӨК мәселелері бойынша заң жобасына өзгерістер енгізу жайы қарастырылуда. Депутаттардың пікірінше, еліміздің ветеринария жүйесіне біраз өзгерістер қажет. Қазақстанның ветеринариялық қызметін халықаралық стандарттар деңгейіне ауыстыру бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын жүзеге асыру барысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2013 жылы ұзақмерзімді Қазақстан Республикасының ветеринариялық қызметін дамыту стратегиясы әзірленді. Стратегияда жануарлардың аса қауіпті ауруларын бақылау, алдын алу, жою ветеринариялық іс-шараларды жүргізудің ұлттық жоспарларын қайта қарау қарастырылған және мұндай іс-шараларды жоспарлау талдау, бағалау және қауіптерді басқару принциптеріне негізделген.
Биылғы алғашқы 9 айда аса қауіпті жануарлар ауруларының 137 ошағы тіркелген. Бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға төмен.
Биыл елімізде жануарлардың аса қауіпті аурулардың 18 түріне егу бойынша 139 619 158 манипуляциялар жүргізу жоспарланған. Биылғы жылдың 9 айы бойынша 122 258 254 манипуляция орындалған немесе жылдық жоспардың 88 пайызы.
Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық препараттарды сатып алу республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Биыл профилактикалық іс-шараларды жүргізу үшін ветеринариялық препараттарды сатып алуға және республикалық қорды толықтыруға 4,7 млрд теңге қарастырылған.
Уәкілетті органмен бекітілген тізбеге енгізілген жануарлардың аса қауіпті ауруларының диагностикасы республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
Мәжіліс қарауындағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында ветеринария саласындағы мәселелер бойынша негізгі түзетулер енгізу қарастырылған. Соның ішінде 86 түзету мен 10 өзгеріс бар. Олардың бірқатарына тоқталып өтетін болсақ, Қазақстан аумағында алғаш немесе жаңадан пайда болған жануарлардың экзотикалық, аса қауіпті ауруларын оқшаулау және (немесе) жою үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметті жедел сатып алу жағдайлары; Жануардың аса қауіпті аурулары, сондай-ақ Қазақстан аумағында алғаш анықталған жануарлардың аса қауіпті аурулары туындаған кезде жедел және уақытылы айқындау мүмкіндігі; Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю тәртібін айқындау; Ветеринария саласында қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның бөлімшелерін бағалау және өңірлер бөлінісінде ветеринария саласындағы нысаналы индикаторлардың жоспарлы мәндерін бекіту ветеринария саласындағы уәкілетті органға жүктеу; Еуразиялық экономикалық одақтың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қолданыстағы заңдар мен кодекстерді сәйкестендіру.
Бұл өзгерістер аграрлық мемлекет болып саналатын еліміздің ауыл шаруашылығы саласының дамуына, әсіресе, мал шаруашылығының жұмысы ілгері басуына мұрындық болады деген үміт бар.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ