Home Жаңалықтар Венгрияда туылып қазақ жерінде жерлеуді өсиет еткен қыпшақ ғалымы

Венгрияда туылып қазақ жерінде жерлеуді өсиет еткен қыпшақ ғалымы

0
49

Мажарстанның (Венгрияның) атақты ғалымы Иштван Қоңыр Мандоки саналы ғұмырын мадиар және күллі түркі халықтарының ынтымақтастығы жолында зор еңбек сіңірген қайраткер болатын. Ол – шетелде туып, өз ататегіне қызмет жасаған және ата-бабасының Отанына келіп жерленген қыпшақтың тұңғыш патриот ғалымы.

Қайтыс болар алдында ол Отанынан бас тартып, өзін қазақ топырағына жерлеуді өсиет еткен. Сол бойынша ол Алматы іргесіндегі Кеңсай зиратында жерленген еді.

Мұндай тебінерлік жағдай қазақ топырағында бұрын-соңды болмаған шығар. Қыпшақ Бейбарыс сұлтанның Мысырға барып патша болып, елін сағынғандай күй екен де бұл да.

Қоңыр Мандоки 1944 жылы 10 ақпанда Венгрияда туып, 1992 жылы Дағыстанда жүрек талмасынан қайтыс болады. Өз өсиеті бойынша Алматыға әкеп жерленеді.

Бала Қоңыр дүниеге келген жыл Мажарстан үшін өте ауыр кезең еді. Екінші дүниежүзілік соғыста Германияны қолдаған Аустралия әскеріне көмектескен де осы – венгрлер еді. Соғыстан жеңілген немістермен бірге венгр халқы да жапа шекті. Содан кеңес үкіметі бастаған қуғын-сүргін саясаты жүргізіліп, мадиар халқының белді өкілдері тұтқындалды. Оның ішінде Қоңыр әкесі Мандоки де бар. Мандоки жанұясы жаппай кәмпескелеуге тап болып, бүкіл дүние-мүлкінен айырылды.

Сондықтан бала Қоңырдың балалық шағы қиын өтті. Десе де, Қоңырдың түркі халықтарының тарихы мен тіліне деген қызығушылығы ерте жастан оянған. 12 жасында Карцаг қаласындағы (Қарсақ) Үлкен Құмания мұражайының жетекшісі Шандор Сүч бала Қоңырға қыпшақ тарихы жайлы жазылған кітапты сыйға тартады. Екінші рет сондай кітапты ұстазы Иштван Киштен алған ол өз бетінше «тіл сындыра» бастайды.

«Сенің тегің – қыпшақ, тамырың – Ұлы далада. Қолың жетсе, шығыстағы арман болған байтақ өлкеге бар» деп әкесі де  кішкентайынан аманат тапсырып, Қоңырдың түркі тіліне деген ынтасын ұштайды.

Тіпті, осының әсері болар, Кундармаш қалашығындағы кеңес жауынгерлерінің арасынан түркі ұлттарының өкілдерін тауып солардан тіл үйренуге тырысқан екен.

«Ең бірінші совет-қазақ әскерімен танысып, жайлап қазақ тілін үйрене бастадым. Кейін газет-журналдарды оқуды қолға алдым«, – дейді Иштван Қоңыр Мандоки.

Ал 14 жасында түркітану мен мадияр халқының көне мәдениетін зерттеуші, танымал ғұлама ғалым Дьюла Неметке хат жолдап, ақыл-кеңесін сұрайды. Кітаптар алады.

Бірақ Қоңыр қанша оқуға құмар болса да, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған, қуғын-сүргінге тап болған жанұясына бола оқуға түса алмайды. Содан ат мектебінде атбегі болып жұмыс істейді. Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерінің ғылыми мекемелеріне хат жолдап, сөздіктер мен тіл оқулықтарын жіберуді өтінеді.

Осындай ізденістің арқасында түркі тілдерінің біразын меңгере бастайды.

1977 жылдан бастап Қоңырға Орта Азиядағы түркі елдерінің аралаудың сәті түседі. Содан бастап Қазақстан мен Қырғызстанға жыл сайын келуді әдетке айналдырады.

Өзбекстан мен Түркіменстанда кешенді тілдік, этнографиялық, фольклорлық экспедициялар ұйымдастырады. Кавказ бен Қара теңіз аймағында қарашай, ноғай, қырым татары, құмықтардың арасында зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Қоңырдың сондағы бар арманы көз алдымызда құрып бара жатқан түркі тілдерін қаттап қалу, қағазға түсіріп алу еді.

Қоңыр өз зерттеуінің негізгі нысанасы етіп Мажарстан түркологиясындағы дәстүрлі салаларының ішінен мажарлардың көне тарихы мен түркі-мадиар байланысын зерттеуді бағдар етіп ұстанды.

Оның зерттеулері көне түркі текті көптеген мадиар сөздерінің түп төркінін шешті. Мадиар мен құмандардың түркілермен байланысы барын бірнеше дерек үлгірімен дәлелдеп берді. Реликт, диалект сөздер, топоним мен антропонимдер арқылы жан-жақты дәлелдей білді.

«Мажар тілі – бұл түркі тілдерінің диактісі. Түркі тілдерімен ұқсас түбі 2000 сөз бар. Ал қазақ тілімен ұқсас 100-ден аса көне түбір бар«, — дейді ғалым.

Көне түркі жазуы мен құман руникасының байланысын ашып көрсетіп, Балқан түбегіндегі халықтардың түркілерге жататынын ашып жазды.

Қоңыр Азия даласындағы түркі халықтарын аралаудан жалықпады. Тірі қазынаның бел ортасында жүруі оның ғылыми қадамын қарыштатып, еңбегін еселей түсті. Оның бұл талабын қоштап, қолдаған иісі түркі жұрттардың зиялы қауымы үнемі жағдай туғызып, оның ізденісі мен зерттеуіне жәрдем көрсетіп отырды.

Қазақ даласының кеңдігі ғалымның ойына ұшқырлық сыйлап, қиялын шарықтатты.

«Қытайдағы, Моңғолиядағы қазақтар тілін таза сақтауға тырысады. Қазақстандық қазақтарға айтарым ана тіліңізден айырылмаңыздар. Бір ұлт, бір халық ана тілінен айырылса, өліммен бірдей. Тіл – бәрінің негізі. Қазақтар ана тілін сақтасын, дамытсын деген тілегім бар«, — деген еді Қоңыр ғалым.

Қоңыр ғылым жолында жүріп 60-тай мақала жазған. Оның 40-ы ғылыми, 20-сы ғылыми танымдық мақалалар. Аударма саласында ноғай, татар, қарашай, балқар, құмық, қырғыз, башқұрт, қарақалпақ, қазан және қырым татарлары, алтай, сақа, өзбек мәдениеті мен фольклорына қатысты көптеген аударма жасады.

Айта кеткеніміз жөн, қазір венгр деп атап жүрген халық сонау заманда, 1242 жылы моңғол шапқыншылығынан ығысып, Дунайға ауып кеткен кәдімгі қыпшақ тайпалары. Өздерін мадиар деп атайтын бұл халық Еуропада қоныс теуіп, дәстүрлі тіршілік пен шаруашылық үрдісін сақтап, салт-дәстүрі мен мәдениетін үлгілерін берік ұстанды.

Дереккөз: qadam.asia

1$, 5$, 10$... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету