Венгрияда босқындар өліміне кінәлілер өмір бойына түрмеге жабылды

0

Венгрияда 2015 жылы жазда қаза тапқан 71 мигранттың ісіне байланысты үкім шығып, төрт азамат өмір бойына сотталды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Сотталғандар адам саудасы және өлтіру баптары бойынша кінәлі деп танылған.

Босқындар мәйіті шыққан жүк көлігі Австрия аумағынан табылған. Қаза тапқандар арасында балалар да болған. Тергеушілер адамдардың ауа жетпей өлгенін анықтаған еді. Оқиғадан соң Венгрия билігі 11 күдіктіге айып таққан. Сотқа тартылғандар арасында Болгария, Ауғанстан мен Ливан азаматтары бар.

2015 жылы Таяу Шығыс, Солтүстік Африка мен Оңтүстік Азиядағы соғыс пен кедейліктен қашқан азаматтар Еуропаға жетіп, аймақта заңсыз мигранттар дағдарысы туған. Еуропа одағына мүше кейбір елдер мигранттарды жайғастыруға шамасы келмеген. Венгрия Сербиямен шекарасын жауып тастады. 2015 жылдың тоғыз айында Еуропа одағы пана сұрап келген 700 мың босқынды тіркеген. Түрлі дерек бойынша, сол жылы одақ аумағына екі миллионға жуық босқын мен заңсыз мигрант кірген.

Azattyq