Венесуэлаға Ресей қорғаныс министрлігі ұшағы барды
Ресей қорғаныс министрлігіне қарасты «Ил-62» ұшағы дүйсенбі, 24 маусымда Венесуэла астанасына қонды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Каракас әуежайына қонған, RA-86496 тіркеу нөмірлі ресейлік ұшақ Венесуэлаға бұған дейін биыл наурызда «Ан-124» ұшағымен бірге келген. Ол кезде Венесуэлаға жүзге жуық ресейлік әскери жеткізілген. Ал бұл жолы Венесуэлаға ресейлік ұшақтың қандай мақсатпен келгені жайлы БАҚ сауалына Венесуэла ақпарат министрлігі мен Ресей қорғаныс министрлігі әлі жауап берген жоқ.
Ресейдің екі әскери ұшағының наурызда Венесуэлаға келуі Вашингтон мен Мәскеу арасында дау-дамайға ілік болған. Ақ үй әкімшілігі Кремльді Венесуэланың ішкі ісіне араласпақшы деп айыптаған. Ал Ресей болса Венесуэлаға әскери мамандар қару-жарақ сату туралы келісім-шарт негізінде барды деп мәлімдеген.
Венесуэлада парламент спикері әрі оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдоның жақтастары президент Николас Мадуро үкіметіне қарсылық танытып жатқанына жарты жыл болды. Жыл басында Хуан Гуайдо өзін уақытша президент жариялап, Мадуро билігін заңсыз деп таныған. Бірқатар әлем елдерінің де бұл мәселеде пікірі әртүрлі. Боливия, Иран, Куба, Қытай, Ресей мен Түркия Мадуроны жақтайды. Ал Гуайдоны АҚШ пен Еуропа одағы, Латын Америка елдерінің түгелге жуығы, сондай-ақ басым бөлігі батыс елдерінен тұратын 50-ден аса мемлекет қолдайды.