Венесуэлада жеті мың адам Мадуро жақтастарының құрбаны болды

0

Венесуэлада арнайы қызмет пен қарулы топтар жүргізген операцияның кесірінен соңғы бір жарым жылда шамамен жеті мың адам қаза тапқан. Бұл ақпаратты БҰҰ-ның өтінішімен Венесуэладағы адам құқығы ахуалы жайлы арнайы баяндама әзірлеген Чилидің бұрынғы президенті Мишель Бачелет хабарлады.

Оның айтуынша, өткен жылы сондай операция салдарынан бес мыңнан астам адам көз жұмған, биыл 1500 адам қаза тапқан. Бұл — Венесуэла билігінің БҰҰ-на берген ресми дерегі.

Мадуро өкілдері баяндаманы «біржақты шынайы ақпарат» деп атап, онда оппозицияның күш қолданғаны туралы айтылмаған деп сынады.

Баяндамаға сәйкес, Венесуэланың қауіпсіздік қызметі тұрақты түрде адамдарды азаптайды және «билікке қауіпті» деген адамдардың құқығын өрескел бұзады. Мұндай адамдар қатарында оппозиция өкілдері де бар. Осыған орай Мишель Бачелет президент Мадуро мен оның айналасындағы шенеуніктерді FAES арнайы қызметін таратуға шақырды. Бачелеттің зерттеуі бойынша дәл осы қызметтің мыңдаған адамның сотсыз жазалануына қатысы бар. Баяндама авторы сонымен бірге «президентке адал» көше бұзақыларын қарусыздандыруға кеңес берген.

Маусым айында осы жайттарды зерттеу үшін Венесуэлаға келген БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы елдегі жағдайды зерттеудің «халықаралық механизмін» құруға шақырды. Оның айтуынша, жоғарыда көрсетілген деректен бөлек, билік ел азаматтарының негізгі саяси, экономикалық құқықтарын өрескел бұзып жатыр.

Венесуэлада жыл басынан бері оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо мен ел президенті Николас Мадуро арасында текетірес жалғасып келеді. Гуайдоны елдің заңды президенті ретінде АҚШ, Еуропа елдерінің басым бөлігі, Оңтүстік Америка елдері мойындаған. Мадуроны Ресей, Қытай, Түркия, Иран, Куба және Боливия қолдайды.

Венесуэлада саяси және экономикалық дағдарыс қалыптасып отыр. 2018 жылы елдегі инфляция көрсеткіші миллион пайыздан асып кетті. Биыл қаңтарда Венесуэла оппозициясының лидері Хуан Гуайдо өзін елдің уақытша президентімін деп жариялап, мерзімінен бұрын тәуелсіз сайлау өткізу туралы бастама көтерген.

Azattyq