Венесуэлада «уақытша президент» пайда болды

0
127

«УАҚЫТША ПРЕЗИДЕНТ»

Оңтүстік Американың мұнайға бай елі Венесуэлада оппозиция лидері мемлекет басшысы міндетін уақытша атқаратыны туралы мәлімдеді. Венесуэла Ұлттық ассамблеясының (парламент) спикері, 35 жастағы оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо қаңтардың 23-і күні Каракаста ондаған мың адам қатысқан наразылық шеруінде өзін «Венесуэла президенті міндетін уақытша атқарушымын» деп жариялады. Ол елде «өтпелі кезең үкіметін» құруға және әділ сайлау өткізуге уәде етті.

Каракастағы наразылық шеруі (23 қаңтар 2019 жыл):

Сәрсенбі күні Венесуэла астанасы Каракаста президент Николас Мадуроның биліктен кетуін талап етіп жаппай шеруге шыққан жұрт «Азаттық! Мадуро, биліктен кететін уақытың жетті!» деп ұрандады. Каракаста үкіметке қарсылық акциялары аптаның басынан бері жалғасып жатыр. Қаңтардың 23-інде елдің бірнеше ірі қаласында тұрғындар Мадуроға наразылық білдірді.

Венесуэла қорғаныс министрі Владимир Падрино Лопес елдің қарулы күштері Гуайдоны немесе «өзін-өзі жариялаған» кез келген басқа адамды Венесуэла президенті деп мойындамайтынын мәлімдеген.

«Отан сарбаздары бізге шетелдіктер танып отырған және өзін-өзі заңсыз жариялап алған президентті мойындамайды. Қарулы күштер конституцияны қорғаушы және ұлттық егемендік кепілі болып қалады» деп жазды министр Twitter-дегі парағына.

Николас Мадуро билігіне қарсы шеруге шыққандар. Каракас, 23 қаңтар 2019 жыл.

Николас Мадуро билігіне қарсы шеруге шыққандар. Каракас, 23 қаңтар 2019 жыл.

Каракастағы наразылық шеруінен түсірілген суреттерде қауіпсіздік күштерінің демонстранттарға көзден жас ағызатын газ шашып, күш қолданып жатқаны бейнеленген. Қала көшелерінде жанып жатқан автокөліктер байқалады. Бірқатар агенттіктер наразылық шеруі барысында төрт адам қаза тапқан деп хабарлады.

МАДУРОНЫҢ ЖАҚТАСТАРЫ

Наразылық шеруі жалғасып жатқан Венесуэлада президент Николас Мадуроны қолдау акциялары да ұйымдастырылған.

Венесуэла вице-президенті Дельси Родригес наразылыққа дем беріп отыр деп АҚШ билігі мен оның «жетегіндегілерді» айыптаған.

«Бүгін жергілікті олигархтар Америка империясынан бұйрық алды. Бірақ біз отанды қорғауға шықтық» деген мемлекеттік телеарнадан сөйлеген вице-президент.

Николас Мадуро.

Николас Мадуро.

56 жастағы Николас Мадуро Венесуэлада 2018 жылы мамырда өткен кезектен тыс президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша жеңімпаз деп танылған. Бірақ оппозиция мен бақылаушылар сайлауда заң бұзу оқиғалары көп болғанын мәлімдеп, оны мойындаудан бас тартты.

Биыл қаңтардың 10-ы күні ресми түрде президент қызметіне кіріскен Мадуро оппозиция өкілдері басым парламентте емес, өзін жақтайтын Жоғарғы сотта ант берген.

АҚШ пен тағы бірқатар шет мемлекеттер Николас Мадуроны Венесуэланың заңды басшысы деп мойындаудан бас тартқан.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕАКЦИЯ

АҚШ президенті Дональд Трамп «Венесуэла халқы Николас Мадуро режиміне батыл қарсылық танытты» деп мәлімдеп, Хуан Гуайдоға қолдау білдірді. Трамп ұлттық ассамблеяны Венесуэланың «жалғыз легитимді билік органы» деп танитынын айтты.

АҚШ вице-президенті Майк Пенс Twitter-дегі парағында жариялаған видео үндеуінде Мадуроны «билікте отыруға заңды құқығы жоқ диктатор» деп атап, Вашингтон Венесэула парламенті мен оның жетекшісін қолдайды деп мәлімдеді.

АҚШ-пен қырғи-қабақ саясат ұстанып келе жатқан Мадуро Вашингтонмен дипломатиялық қатынасты үзетінін жариялады. Ол елдегі АҚШ дипломаттарына Венесуэладан шығып кетуіне 72 сағат уақыт берілетінін айтты.

Алайда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Мадуроның «дипломатиялық қатынасты үзуге өкілеттігі» жоқ және Вашингтон Гуайдоның уақытша үкіметімен байланысын жалғастыра береді деп мәлімдеді.

АҚШ-пен бірге Гуайдоға қолдау танытқан елдердің арасында Канада, Бразилия, Аргентина мен Колумбия бар. Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск «Венесуэланың демократиялық күштеріне күллі Еуропа бірігіп қолдау танытады деп үміттенетінін» айтты.

«Мадуродан өзгешелігі сол, Ұлттық ассамблеяға, соның ішінде Хуан Гуайдоға Венесуэла азаматтары демократиялық мандат берген» деп жазды Туск Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Венесуэладағы жағдайға байланысты батыс елдерінің іс-әрекетін сынады.

«Венесуэладағы оқиғалар батыстың прогресшіл қауымдастығының халықаралық құқыққа, өзге елдердің егемендігі мен ішкі істеріне араласпауға шын мәнінде қалай қарайтынын өте айқын көрсетті» деп мәлімдеген Ресей СІМ баспасөз хатшысы Мария Захарова.

Мәскеумен жақсы қарым-қатынастағы Мадуро билігі соңғы жылдары Ресейден миллиондаған доллардың әскери техникасын сатып алған. Жақында Ресей Оңтүстік Америкадағы әскери жаттығуларға қатысуға екі стратегиялық бомбалаушы ұшағын жіберген.

Мұнайға бай Венесуэла солшыл президент Уго Чавестің кезінде саяси-экономикалық дағдарысқа ұшырай бастаған. 2013 жылы Чавес қайтыс болған соң билікке келген Мадуро Чавес «боливар социализмі» деп атаған экономикалық саясатты жалғастыра беретінін мәлімдеген.

Мадуроның билігі тұсында Венесуэлада экономикалық дағдарыс тереңдеп, инфляцияның жылдық мөлшері бірнеше есеге ұлғайған. Оппозиция Николас Мадуроны Венесуэлада адам құқығы мен бостандығын аяққа таптап, саяси бәсекелестерін қудалайды деп айыптайды. Соңғы жылдары елдегі қалалардың көбінде күнделікті тұтыну тауарлары мен азық-түлік қат болып, кей мәліметтер бойынша, үш миллионан адам жұмыс іздеп шетелге кетуге мәжбүр болған.


Дереккөз: Азаттық