Вашингтон НАТО-ны Қытай мен Ресей «төндіретін қатерге» бейімделуге шақырды
4 сәуірде Вашингтонда НАТО-ның 70 жылдығына орай өткен жиында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео әлемде «ұлы державалар бақталасының жаңа дәуірі басталғанын» айтты.
Помпео әскери одақ Ресей, Қытай, Иран сияқты елдер «төндіретін қатерге» бейімделуі үшін НАТО-ға мүше 29 елден қорғанысқа бөлінетін қаржыны арттыруды сұрады.
Екі күндік жиын кезінде НАТО елдері Қара теңізде әскери кемелерді көбейтуге келісіп, Украина және Грузиямен өтетін жаттығуды арттыруға уағдаласқан. Мұны одақ басшысы Йенс Столтенберг жиыннан кейін хабарлады.
25 қарашада Ресей шекарашылары Керчь бұғазы арқылы Мариупольге бармақ болған Украинаның үш кемесін ұстаған. Ресей билігі кемелер Ресейдің Қырым жағалауындағы аумағына заңсыз кірмек болды деп санайды. Киев Ресей мен Украина арасында 2003 жылы жасалған келісім бойынша украин кемелерінің Қара теңіздің Ресейге тиесілі аумағында жүруіне болатынын айтады. Теңізшілер өздерін әскери тұтқынбыз деп санайды.
Ресей сыртқы істер министрлігі 4 сәуірде жасаған мәлімдемесінде Вашингтондағы НАТО кездесуі одақтың «Ресейге қатысты әскери және саяси дұшпандығын доғаруға құлықты емесін көрсетеді» деген.