Вашингтон Huawei компаниясына АҚШ-та уақытша жұмыс істеуге рұқсат етті

0

АҚШ сауда министрлігі қытайлық Huawei корпорациясына 19 тамызға дейін уақытша жұмыс істеуге рұқсат берді. Мұндай жеңілдік АҚШ президенті Дональд Трамптың Huawei-ге қатысты жариялаған төтенше жағдай режиміне әсер етпейді. Дегенмен бұл рұқсат Huawei конгломератына бағдарламалық қамтамасыз ету қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді.

Таяуда Google корпорациясы Қытайдың Huawei Technologies телекоммуникациялық конгломератына бағдарламалық қамтамасыз ету қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Google енді Huawei-мен жұмысында лицензияны қажет етпейтін және көпшілікке ашық өнімдерді есептемегенде, құрал-жабдықтар, компьютерлік код және техникалық қызметті қажетсінетін бағдарламалық қамтамасыз етуді доғарады. Мұндай қадам Huawei компаниясының Қытай шекарасынан тыс аумағындағы бизнесіне соққы болып тиюі мүмкін, өйткені Қытайдың технологиялық алыбы өніміндегі Android операциялық жүйесін жаңарту мүмкіндігінен айырылмақ.

15 мамырда Трамп АҚШ компанияларына ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін фирмалар әзірлеген телекоммуникациялық құрал-жабдықтарды пайдалануға тыйым салатын жарлыққа қол қойған.

Azattyq