«Ваннаға кіргізіп, басын қабырғаға ұрыпты»: Алматыда жеті жасар қызды өгей анасы өлтірген
Алматыда 7 жасар қызды өлтірді деген күдікпен өгей шешесі қамауға алынды. Марқұм болған Карина Закураеваның жақындары 47 жастағы әйелдің жеткіншекті 4 ай бойы сабап келгенін айтады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ал, туған әкесі оған мүлде араша түспеді дейді. Сөздерінше, соңғы рет үлкен дәретін жіберіп қойғаны үшін, қатыгез әйел қыздың басын қабырғаға ұрған. Қатты соққыдан миына қан құйылып жан тапсырыпты. Қызды бағып-қаққан әжесі мен көршілері енді ұлының да жазаға тартылуын сұрайды.
Кішкентай ғана Каринаның денесі бүгін мәйітханадан шығарылды.
“Карина үлкен дәретін жіберіп қойған. Содан кейін, ол әйел қызды ваннаға кіргізіп, басын қабырғаға ұрған. Басы тесіліп, есінен танған. Сөйтіп, жерге бүкіл салмақпен құлаған. Сосын әкесіне «меніңше өлтіріп қойдым» деп қоңырау шалған. Осыған дейін 4 ай бойы тоқтамай ұрып жүргенін кейіннен білдім”, – дейді Каринаның туысқан әпкесі Екатерина Закураева.
Каринаның әкесі қызы өлтірілген жерге қыркүйек айында көшіп келген. Жанағы әйелмен бірге соның үйінде 6 ай тұрып, 7 жасар қызын наурызда әкеледі. Жеткіншек сол уақыттан бастап таяқ жеген дейді. Ең сорақысы, өгей шешесімен қоса, туған әкесінің де ұрып жүргенін көршілер көріпті.
“Менің балконымнан олардың терезесі көрінетін. Әкесі кішкентай қызға белбеумен ұмтылды. Содан кейін, Балжан деген әйел жеткіншектің мойнынан ұстап, бөлмеге лақтырып жіберді. Байқұс қыз ұшып кетті. Кейін мен кішкентай Каринаны ауладан көрдім. Жақындап, үңіліп қарасам, қабағы жарылып, қолдары кесілген, мойнында ересек адамның алақанының ізі тұрды. Өзінен не болды деп сұрасам «ауладағы бала қылқындырды» деп айтады”, – дейді көршісі Ольга Берникова.
Айтуларынша, Каринаның әкесі ішімдікке жақын болған. Қыз бірінші әйелінен. 10 айлығына жеткенде туған шешесі қашып кетіпті. Содан бері хабар жоқ. Анасыз қалған нәрестені әжесі қолына алып, 7 жасына дейін баққан. Алайда, осыдан 4 ай бұрын әкесі инспекторлармен келіп, қызын алып кетті дейді.
“Өгей шешесі 4 ай бойы ұрып жүрген. Ал, әкесі оған мүлде мән бермеген. Өзі де ұрыпты. Олар менен немеремді тығып жүрді. Мен полицейлерге арыз жазғанмын. Бірақ, ешкім қабылдамады. Прокуратураға да бардым. Түк шықпады”, – дейді Каринаның әжесі Елена Закураева.
Сөйтсе, қыздың әкесі Елена Закураеваның туған баласы да емес екен. Оны да 2 айлығынан асырап алыпты. Қазір ол жалдамалы жұмысшы. Нақтырақ сантехник, электрик. Қандай себеппен қызы үшін араша түспегенін өзінен де сұрадық. Бірақ, мардымды жауап ала алмадық. Тек, ұрмадым-соқпадым деп отыр.
“Аулада жұмыс істеп жүрген кезде ол маған хабарласып, қызды өлтіріп қойған сияқтымын деді. Үйге келіп, дәрігерлерді шақырдық. Негізі азаматтық некедегі әйелім қызымды жиі ұратын. Мен жұмысқа кеткен кезде қызым үлкен дәретін жіберіп қойса ұратын. Бірнеше рет қызым екеуіміз далада да түнегенбіз. Өзінен «не үшін ұрасың» деп сұрасам «енді тиіспеймін» деп айтатын”, – дейді қыздың әкесі Бәкен Закураев.
Көп ұзамай полицейлер 76-шы жылы туған әйелді құрықтаған. Оған қатысты адам өлтіру бабы бойынша іс қозғалды.
“Алматы қалалық полиция департаменті, Бостандық аудандық полиция Басқармасымен қылмыстық іс ҚР ҚКнің 99-бабы 3-бөлігімен тергеліп жатқанын хабарлайды. Күдікті – 1976 жылы туған Т.есімді азаматша ұсталды және қамауға алынды.Тергеу жалғасып жатыр”, – дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Жас баланы өлтіргені үшін күдікті кемі 20 жыл немесе өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тоқ етерін сот шешеді. Не де болса, марқұм болған Каринаның жақындары оның қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.