Вакцина шығаратын зауыт басшысы Азиядағы ең бай адамға айналды

0

Жаңа жылда Азияның ең бай адамының есімі белгілі болды, деп хабарлайды Republic World.

Бөтелкедегі су мен вакцина шығаратын компания жетекшісі Чжун Шаньшань Азиядағы ең бай адам болып шықты. «Миллиардерлер индексі» Bloomberg мәліметінше, ол үндістандық ең бай азамат Мукеш Амбани мен әйгілі Alibaba негізін салған Джека Маны басып озды.

Шаньшань капиталы 77,8 миллиардқа дейін өсті. Нәтижесінде қытайлық бизнесмен Жер шарының ең бай азаматтарының тізімінде 11-орынға жайғасты. Сондай-ақ, ол тарихқа дәулетін тез арттырған адам ретінде енді.

Бұған оның бөтелкедегі су шығаратын Nongfu Spring және дәрі-дәрмек өндіру бағытында жұмыс істейтін Beijing Wantai Biological Pharmacy Enterprise компанияларының акциясын жария етуі әсер етті. Кейінгі компаниясы негізінен
гепатит және COVID-19 бар-жоғын анықтайтын тестілерді шығарумен айналысады.

Осы уақытқа дейін Джек Ма Азиядағы ең бай адам болған еді. Алайда ол банктерді сынағаннан кейін бір күн ішінде бірнеше миллиард долларын жоғалтты.