Вакцина салдырудан бас тартқандарға айыппұл салынады – министрлік
Денсаулық сақтау министрлігі вакцина салдыру мен ПТР-тест тапсыру талабын орындамаған кей адамдарға айыппұл салынатынын ескертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ведомствоаралық комиссия қызмет көрсету саласында, өнеркәсіп кәсіпорындарында және өзге де ұйымдасқан ұжымдарда вакцина салдыру талабын енгізуді ұсынды. Ал екпеден бас тартқандар апта сайын ПТР-тест тапсыруға міндетті болады.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетованың айтуынша, бас мемлекеттік санитар дәрігердің тиісті қаулысы шыққаннан кейін жаңа талаптар заңды күшіне енеді.
«Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша жеке тұлғаларға 5 АЕК (14 585 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Заңды тұлғаларға әкімшілік жаза қолдану шарасы да бар. Жұмыс беруші тиісті талаптарды орындамаса, оған да айыппұл салынады», — деді Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Осы орайда комитет басшысы вакцина салдырған және ПТР-тест тапсырған қызметкерлерді жұмыс берушінің өзі тексеретінін жеткізді.
Бұған дейін Айжан Есмағамбетова жиырма адамнан асатын кез келген ұжым міндетті түрде вакцина салдыруы керек екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, коронавирус инфекцияcының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігеріне карантинді күшейту бойынша қосымша шаралар қабылдауды ұсынды. Олар:
- COVID-19-ға қарсы вакцинасыз (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және ауырып шыққан адамдарды қоспағанда) қызмет көрсету саласының қызметкерлері, ірі ұйымдасқан ұжымдар (өнеркәсіптік кәсіпорындар) үшін жұмысқа кіруге шектеу енгізу;
- КВИ-ға қарсы вакцина алудан бас тартатын (КВИ-ға қарсы вакциналауға медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ азаматтар) қызмет көрсету саласының, өнеркәсіп кәсіпорындарының және өзге де ұйымдасқан ұжымдардың қызметкерлері үшін міндетті ПТР-тестілеу талабын енгізу;
- «Ashyq» жобасына жаңа кәсіпкерлік субъектілерін қосу үшін, сондай-ақ жоба аясында жұмыс істеп тұрған субъектілердің жұмысын одан әрі жалғастыру үшін барлық персоналды (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және ауырып шыққан адамдарды қоспағанда) вакциналау қажеттілігі жөнінде талап енгізу;
- «Ashyq» жобасына сауда ойын-сауық орталықтарын, сауда үйлері мен азық-түлік емес базарларды қосу.