Вахтаға кетер алдында КВИ вакцинасын алып қайтыс болды: Министрлік ақпаратқа түсініктеме берді

0

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтың коронавирус вакцинасынан кейін қайтыс болды деген ақпаратқа түсініктеме берді.

Бұл туралы хабарлама интернетте таралды. Ақпаратта Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Батыр ауылының тұрғыны коронавирус вакцинасынан қайтыс болды делінген.

«Асқар Төңгеұлы бауырымыз вакцина салғаннан қайтыс болыпты. Вахтаға кетер алдында КВИ тестен өтіп және вакцина салдырған көп ұзамай қайтыс болған» делінген ақпаратта.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев таратылған хабарламаға жауап берді.

 «1978 жылы туған ер адам осы жылдың 19 қаңтарында қан қысымының көтерілуіне байланысты қайтыс болды. Ол ешқандай вакцина алмады», — деді ол.

«Маңғыстау облысына осы уақытқа дейін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина жеткізілмеген. Вакцинаның алғашқы партиясын облысқа жеткізу 2021 жылдың 28-29 қаңтарына жоспарланған», — деді ресми өкіл Е.Байтанаев.


Тегтер:вакцина