ҮЗДІК ҰСТАЗ КІМ? | «Айқын» газеті

0

Алматыдағы Ұстаздар үйінде «Педа­го­гикалық идеялар панорамасы» атты ­мұға­лімдер арасындағы республикалық байқау же­ңімпаздарын марапаттау шарасы өтті. Құттықтау салтанатына Білім және ғылым ми­нистрі Ерлан Сағадиевтің өзі келіп қатысты.

Жиынды ұйымдастырушы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мемлекеттік деңгейдегі ауқымды жобаны тұңғыш рет қолға алып отыр. Сайысқа мектепке дейінгі, орта, қосымша, тех­ни­калық және кәсіптік, жоғары білім ұйым­дарындағы мұғалімдер бейнесабақтар мен бейнедәрістерін ұсына алады. Осы талап негізінде байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 2 750 педагог қатысып, бақ сынады. Нәтижесінде екінші кезеңге 940 ұстаз өтіп, олардың 66-сы 22 аталым негізінде жүлделі орын­дарды қанжығасына байлады. Әрине, жарыстың басты талабы – жеңіске жігер­лендіру. Дегенмен осындай жобаның арқасында алғаш рет мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі барлық педа­гог­тер бір ортада тоғысып, өз тә­жірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты.
Сайысқа қатысушылардың бейне­сабақтары 32 мыңнан астам жазылушысы бар «Өрлеу» орталығының YouTube кана­лында жария етіліп, көпшілікке таралған.
Байқау қорытындысына қатысқан министр Ерлан Сағадиев бұл жобаның маңыздылығына тоқталып, ұйымдас­ты­рылу деңгейіне жоғары баға берген. Ұс­таздарды ынталандырып, алға жетелейтін байқаудың сәтті жүзеге асуы ведомство басшысының да көңілінен шыққан. Ол бірінші орын иеленгендерді марапат­тады. Екінші орын иеленгендерді Қа­зақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова марапаттады. Жүлделі үшінші орын иегерлерін «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төрайымы Гүлнас Ахметова құттықтап, үлкен жеңістер биігінен көріне беруге тілегін білдірді.
– Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында ұстаздарды жаңа инновациялық мүмкіндіктерге бейім­деу және олардың жұмыстарын желіде жариялау туралы тапсырма берді. Сол тапсырманы орындау үшін бір жылдай жұмыс істедік. Бұл байқаудың ең басты мақсаты – ұстаздардың біліктілігін, пе­дагогикалық шеберлігін арттыру. Олардың бойында жаңа инновациялық қабілеттер мен тың идеялардың пайда болуына кө­мек­тесу. Бір қуантарлығы, байқауға шал­ғай ауылдардың да мұғалімдері қатысып, бағын сынады және жас мұғалімдер көп болды. Жастардың ұстаздыққа қызығуы, осындай абыройлы әрі жауапкершілігі мол мамандықты қорықпай таңдағаны қуан­тады, – дейді «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төрайымы Гүлнас Ахметова.
Оның айтуынша, қазіргі таңда «Өрлеу» орталығы ұстаздардың біліктілігін жетілдіру үшін қолдан келген барлық шараларды жоғары деңгейде жүзеге асырып жатыр.
– «Өрлеу» орталығы тек аудиториялық сабақ өткізбейді. Қашықтықтан оқыту, түрлі вебинарлар, конференциялар, байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Мұның барлығы – біліктілікті арттырудың жолы. Биылғы жылға қарасақ, 100 мыңға жуық ұстаздарды оқытыппыз. Жыл бойына бір мұғалімнен ескерту естімедік. Бәрінің көңілі толып, қуанып қайтып жатты. Енді шалғайдағы ауылдарға өз көлігімізбен барып, оқытуға кірістік. Себебі, көптеген мұғалімдер қалаға келіп оқи алмайды. Оны алмастыратын ұстаз жоқ әрі отбасылық жағдайы да мүмкіндік бермейді. Осындай жағдайларды ескеріп, өзіміз барып, оқытып жатырмыз, – дейді Гүлнас Кенжетайқызы.

Дереккөз: Айқын

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз