Үздік студент атанған Жаннұр Ниязбекова: Намысым оянып, қазақ болып Қытайды шулатамын дедім

0

Қытайда үздік студент атанған қазақ қызы Жаннұр Ниязбекова жеңісін қалай қабыл алғанын баяндап берді.

Айтуынша, бұл марапатқа оны ұстазы ұсынған.

«Негізі мен желтоқсан айында тапсырған болатынмын. Өзім ең бірінші Қытайға келген кезімде пәкістандық баланың алып жатқанын көрдім. Сол кезде бұл не екен деп таңғалдым. Бүкіл мұғалімдер, сексен шақты пәкістандық студенттер улап-шулап, қуанып жатты.

Содан кейін мен қарап тұрдым да «Осыдан екі жыл өтсін, екі жылдан кейін мен осы стипендияны аламын» дедім. Өйткені маған оны ешқандай қазақ студентінің алмағанын айтқан еді. Сосын мен де қазақ деген намысым оянып, мен қазақ болып осы жерді шулатам деп айттым.

Сонымен өткен жылдың желтоқсан айында мені Чен деген мұғаліміміз шақырып алып «Сені осы премияға ұсынғым келіп тұр, қалай қарайсың? Сен біздің университеттегі үздік студенттердің қатарынансың» деді. Қорықтым. Ол кісі «Қорықпа, тек өзіңе сен» деді. Бір күннің ішінде барлық құжатымды тапсырдым», — деп қуанышын бөлісті бойжеткен.