ҮЗДІК ДЕТЕКТИВ ШЫҒАРМА АНЫҚТАЛДЫ | «Айқын» газеті

0
152

Алматыда қалалық соттың 50 жылдық, «Заң» медиа корпорациясы» ЖШС-ның 25 жылдық мерейтойына орай республикалық «Заң» газетінің бастамасымен жүзеге асқан детектив шығармаларға арналған байқаудың қорытындысы шықты. Қазақ прозасының кенжелеп қалған жанрын дамыту мақсатында қолға алынған байқауға 70-тен астам қаламгер өз шығармасын ұсыныпты. 

Жүлде қоры 1 млн теңгені құрайтын бай­қауға Алматы қалалық сотының төра­ға­сы Нұрғазы Әбдіқанов, «Ақиқат» ұлттық қоғам­дық-саяси журналының бас редак­торы Аманхан Әлім, журналист, жазушы Серік Сарыбаев, детектив жанрын­да қалам тербеп жүрген Елеусіз Мұратов секілді тұлғалар қазылық етті.
Марапаттау рәсімі басталмай тұрып қала­лық соттың төрағасы Нұрғазы Әбдіқа­нов, «Заң» медиа корпорациясының басшы­сы Досымбек Өтеғалиев пікір білдіріп, бай­қаудың маңыздылығына тоқталды.
– Детектив шығармалар бұған дейін де «Заң» газеті мен «Юридическая газетада» жарияланып тұратын. Дегенмен бірізділік болған жоқ. Бірде шығып, кейде біраз уақыт жарық көрмей қалатын. Сондықтан осы бір ала-құлалықты жойып, шытырман оқиғалы жанрдың дамуына атсалысқымыз келді. 4-5 ай уақыт ішінде байқауға келіп түскен шығар­малардың жақсысы да, жанр талап­та­рына жауап бермейтіндері де бар. Қазылар алқасы әділдікті ту етіп, үздік шығармаларды анықтай алды деп ойлаймын. Осы баста­ма­ны жан-жақты қолдағаны үшін Алма­ты қалалық сотының төрағасы Нұр­ғазы Әбен­ұлы мен ұжымға алғысымызды білдіреміз, – дейді Досымбек Өтеғалиев.
Байқау қорытындысында бірінші орын мен 500 мың теңгелік сыйақыны Әлібек Бай­бол жеңіп алды. Екінші орын Жанар Жана­пияноваға бұйырса, Қуандық Шама­хай, Еркеғали Бейсен және Әсем Жұмақан жүлделі үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ Жадыра Шамұрат, Арман Жусанбай, Талшын Күлпейіс, Гаухар Нұрханова және Қанат Ғұмаров есімді қатысушылар ынта­лан­дыру сыйлықтарымен марапатталды.
– Аманхан Әлім детектив жанрына байланысты жақсы мысалдар келтірді. Әлем әдебиетін алып қарасақ та аңыз әңгімелер негі­зінде талай жақсы шығармалар жазыл­ған. Ұсынған дүниелеріме келсем, «Жеті» және «Миллион» деген екі шығармамды ұсын­дым. Бірінші шығармам аңыз арқылы өрнектелсе, екіншісінің сюжетін Ресей газе­ті­н­ен алдым. Онда әжесі мен немере­сі­нің өлтірілуі суреттеледі. Сөйтсе, ол екеуінің жинап жүрген миллионы бар екен, оны сантехник біледі екен. Қылмыскерлерді арнайы тәсілдер арқылы ізкесушілер табады.
Детектив жанрына үш жылдай бұрын үш әңгіме жазғанмын. Оның біреуі баспасөзде жарияланды. Ал осы жанрда еңбек еткен әлемдік жазушылардың біразын оқып шық­қан­мын. Өз басымды психология, кри­ми­налистика бала кезімнен қызықты­ра­ды. Әдейілеп мәйітханаға барған кезім де болған. Іштей ойланып, тақырыпқа терең бойлап, зерттеуге тырысамын. Кейін сол ойды толық пісіріп, шығармаға кірісемін, – дейді бірінші орын иегері Әлібек Байбол.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Дереккөз: Айқын