Үздік дәстүрлерді ұрпақ санасына сіңіру – өнегелі іс
Бұдан соң Астана, Алматы және Орал қалаларындағы жоғары оқу орындары мен сараптамалық орталықтарына бірнеше рет іссапармен барудың сәті түсті. Алайда, сол кезде қалтамдағы соңғы ақшама Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптарын («В потоке истории», «Эпицентр мира», «Критическое десятилетие» және басқалары) сатып алған алғашқы сапарым есімде сақталып қалды.
Бір әріптесімнің: «Саған Н.Назарбаевтың еңбектерінің керегі қанша?» деген сауалына, «Қалай? Сіз оның неліктен қажет екендігін түсінбедіңіз бе? Бұл нағыз дереккөз! Бұл заманауи Қазақстанның стратегиясы мен даму жолы», деп таңырқай жауап бергенім есімде. Осы оқиғадан соң Қазақстан Президентінің жыл сайынғы жолдауларын мұқият талдай келе қазақстандық қоғамға зор ықпалын тигізетін ұзақмерзімді «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының барына шын көңіліммен қуандым.
Мұндай құжаттарға әдетте түрлі көзқарас болғанымен, олардың мемлекеттің дамуы мен ұлттық идеяны қалыптастыруға ықпалы зор болады.
Биылғы 21 қараша күні Ақорданың ресми сайтында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланып, оның «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы екендігіне көз жеткіздім. Бұл еңбекте ел тарихы мен қазақ халқының әлемдік дамуға қосқан үлесі басты назарға алынған. Оған қоса, мақалада Қазақстанның тарихи сабақтастықтың жалғастырушы қасиетіне, қазақ даласының ұлы жетістіктері және қазақ халқының бүгіні мен ертеңіне маңыз берілген.
Мақала қазіргі сәттің маңызын ашық сипаттайды – Қазақстан саяси транзит жағдайы мен ұрпақ алмасуының алдында тұр. Жаңа буын немесе цифрлы қоғамның биік мұраттары, өмірлік бағдары және даму келешегі бойынша алдыңғы буыннан айтарлықтай өзгеше болатындықтан, ұрпақтар сабақтастығының тіні ажырап кетпеуі тиіс.
Алайда, тарихи жадыны сақтап қалу мен байыту үдерісінде Қазақстан әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өркендеуді, адам капиталын дамытуды қаперден шығармау қажет. Өзінің өткенімен мақтану, үздік дәстүрлерді ұрпақтарына сіңіру, жарқын болашағына сену – толық қалыптасқан әрі өзіне сенімді адамның ісі.
Марина ЛАПЕНКО,
тарих ғылымдарының кандидаты, Н.Г. Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университеті Тарих және халықаралық қатынастар институты халықаралық қатынастар және Ресейдің сыртқы саясаты кафедрасының доценті, «Еуразия-Поволжье» ақпараттық-сараптамалық орталығының директоры