Ұстаз құрметіне дәрісхана ашылды

0

Бұл дәстүр бүгін де жалғасын тауып отыр. Енді ағартушы ұстаз Спандияр Көбеевтің құрметіне дәрісхана ашылды. Оның лентасын университет ректоры, профессор Еркін Әбіл мен ұстаз ұрпақтарының бірі Мағыш Ғаріпқызы қиды. 

– Спандияр Көбеевтің атына дәрісхана беру көптен ойлас­тырып жүрген шаруа болатын. Білім саласының қайраткерлерін, ғалымдар мен белгілі ұстаздарды жастар ұмытпауы тиіс. Сондықтан дәрісхана атын беру халқымыздың ұлыларын ұмыттырмай, жастарға насихаттаудың бір тәсілі деп білеміз. Біздің университетте мұндай іс жалғасын табатын болады, – деді Еркін Аманжолұлы.

Дәрісханада Спандияр Көбеевтің өмір жолы мен шығармашылығы туралы ақпараттар, суреті ілінген. Ағартушы ұстаздың қазақ әде­биетінде де өзіндік орны бар. Ол  қара сөзбен жазылған алғашқы романдардың бірі «Қалыңмалдың» авторы және Крыловтың шы­ғар­маларын қазақ ұғымына сәйкес­тендіріп аударған еді.

 – Ыбырай Алтынсариннен білім алған, ізін жалғаған ұстаздар Қостанай жерінде аз болмаған. Олардың көшін ұлттың ұйтқы­сы болған Ахмет Байтұрсын­ұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омаров бастады, оларды Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов жалға­ды. Спандияр Көбеевтің алғашқы кітаптары «Үлгілі бала», «Үлгілі тәржіма» деп аталады. Ол біліммен бірге баланың тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Бұл Әл-Фараби бабамыздың «тәрбиесіз берген білім қауіпті» деген ойымен үндес», деді ақын Ақылбек Шаяхмет. 

Спандияр Көбеев өмірінің соңы­на дейін Меңдіғара ауданына қарасты Ақсуат ауылында тұрды, сондағы орта мектепті басқарды. Алдынан мыңдаған шәкірт білім алды, бүкіл оқушылары оны «атай» деп атаған. Осы «атай» деген сөздің өзінен ұстаз бен бала арасындағы керемет жылылық, шәкірттің ұстаз­ға деген құрметі білініп тұрған­дай. Ұстазды орыс тілді оқырман­­дар ортасына таныстыру мақсаты­мен көп ізденген жасаған ардагер ұстаз Светлана Мачнева Спандияр Көбеев­тің баланың білімге ынтасын оятуда бүгінгі мұғалімдер үйренетін үлгісі мол екенін айтты. 

– Балалардың білімге ынтасын ояту – дарынды ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстазын жақ­сы көрген бала мектепті де жақсы көреді, жақсы оқуға тырысады. Отандық, оның ішінде қазақ педагогикасына үлкен үлес қосқан Спандияр Көбеевтің өзі балаларды өте жақсы көрген. Жалпы, қазақ педагогикасы – алдымен адамгершілікті жоғары қоюмен ерекшеленеді. Қазір ақпарат заманы, білім саласына түрлі технологиялар енгізіліп жатыр. Бірақ мұғалім баланы жақсы көрмесе, сол озық технологиялардың ешқайсысы да күткен нәтижені бермейді. Біздің мұғалімдер Спандияр Көбеев сияқты кемеңгер ұстаздан осыны үйрену керек, – деді Светлана Григорьевна. 

Ақын, ғалым Серікбай Оспанұлы шара барысында Ыбырайдың ізін жалғаған Спандияр Көбеевтің өмірі мен қызметі кеңес­тік кезеңде зерттелсе де, оның бүгін­ге жетпеген беймәлім жағы зерт­теуді қажет ететінін еске салды. 

– Мыңдаған шәкіртке ұстаз бол­ған тұлғаның өз ұстазы Досмағұл Тоқтабаев туралы көп айтыла бер­мей­ді. Қазір осындай ел ішінде сауат ашу­ға бар күш-жігерін салған қай­р­ат­­кер­лер жайында зерттеулер қол­ға алын­са артық болмас еді. Айт­пақ­шы Спандияр атамыз мектеп­ке дәріс оқуғ­а алғаш кір­ген күні шәкірт­тер алдында сөзді «Кел, балалар, оқы­лық!» деп, ұлы ұстаз Ыбырай Алтын­сарин­нің өлеңі­мен бастап кеткен екен. Қазір де мек­теп мұғалімдері әр оқу жы­лы бас­талғанда атамыздың осы үр­дісін дәстүрге айналдырса несі айып?, деп белгілі ақын, ғалым Серік­бай Оспанұлы ұсынысын да айтты.

Дәрісхананың ашылу салтанатында студенттер Спандияр Көбеевке арналған өлеңдерін оқы­ды, келушілер ұстаздың шығар­ма­­шылығына арналған көрмені тама­шалады. Кемеңгер ұстаздың ұрпақтары атасына арнап ас беріп, оның рухына құран бағыштады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ