Ұстаз мәртебесі –ұлт мұраты

0

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Қазақ руханиятының қа­ра шаңырағы, ел басылымы «Еге­менде» мұғалім мәрте­бе­сіне қатысты заң жоба­сы­ның талқылауы өткеніне қуа­ныш­тымын. Осы саладағы маман­дармен ой бөлісуге шақыр­ған­дарыңызға алғысымды білді­ремін. Осылайша, бұл заң жобасы республикаға таралып, халықтың да талқылауына түспек. 

Қазақстан Республикасының Парламенті заң жобасын асы­ға күтіп жүр. Елбасы соңғы Жол­­­дауында Парламентке, әсі­ресе ондағы педагогикалық тә­­жірибесі бар депутаттарға мұ­­ғалім мәртебесіне қатысты ұсы­­ныстарды, кемшіліктерді қарастыру тапсырмасын берген. Заң жобасындағы мәсе­леге қатысты пікірі бар азамат­та­рымыздың ой қосарына сенім­діміз. Біз үшін халық пікірі, ұсыныстары қашанда жоғары. 

Бұл заң жобасының ерекше­лігі – осы салада еңбек еткен ұла­ғатты ұстаздардың автор болуы. Сонымен қатар мың­да­ған халықтың ой бөлі­сіп, ұсы­ныстарын білдіруі де депутаттық тәжірибемізде алғаш­қы жағдай болып отыр.

Заңның өміршең болуы мамандар ойының бір жерден шы­ғуына байланысты. Қоғамдық отырыстан кейін халық арасында заң қабылданып қойғандай қауесеттер тарап кетті. Сондық­тан бұқараға Заңның қабылдан­бағанын, әлі де талқылау мен қо­сымшалар енгізу үстінде екенін түсіндіруіміз керек.

Яғни, бұл – жо­ба, әлі заңдық күшіне енбеді. 

Әрбір пікір, әрбір ой депутаттар үшін маңызды. Жақсы пікірдің барлығын қабылдағымыз келеді. Осы орайда кәсіби заң­гер ретінде әр норманың дек­ла­ра­тивті және объективті орын­далуы болатынын айтып өткім ке­­леді. Сондықтан заңның орын­далуы үшін декларативті өз­ге­рістер ұйымдастыруға тыры­суымыз керек. Бұл заңды пай­даланушы адам ретінде ІІ та­раудың «Педагог мәртебесінің маз­мұны» атты 3-бабына назар аударсақ, бап атауындағы педагог мәртебесінің мазмұнын көріп тұрғаным жоқ. Яғни, бұл жерде «педагогтің мәртебесі ерекше» сынды декларативті түрде сипаттама береді. Меніңше, бұл жерде педагог мәртебесінің анықтамасы болуы тиіс. «Педагог мәртебесі – Қазақстан Республикасының  заңнамасымен белгіленген құқықтар мен бостандықтардың, олардың еңбек құқықтарының, әлеуметтік кепілдіктер мен өтем­ақылардың, шектеулер мен жауапкершіліктердің жиын­тығы» деп мазмұнын ашып алсақ әрі қарай даму болады. 

Ал ІІІ тараудың «Педагогтің кәсіптік қызметтегі академиялық бостандықтары мен құқықтары» деп аталатын 12-бабында көрсе­тілген мүмкіндіктер арасында жас мамандарға қатысты мәселелер жоқ. 

Педагогтер мәртебесін қарас­тырған кезде Астана, Алматы сияқты үлкен қалалардың төңі­регінде қалмауымыз керек. Біздің заңда шалғайдағы төрт, сегіз жылдық мектептердің мүддесі қарастырылмаған. Ауылдағы мектептерде мұғалім аз, ал оларды біліктілігін арттыру курстарына жіберу үшін мектепті жабуға тура келіп жатады. Осы сынды мәселелер заңның орындалмауына, механизмнің бұзылуына алып келеді. 

Педагог – болашақ прези­денттің, ғарышкердің, мемле­кетіміздің кез келген азаматының өмір жолына жолдама беретін тұлға. Сондықтан бұл заң – керемет заң. Қабылданғалы жат­қан заңның саяси, әлеуметтік мәні үлкен. Бұның жақсы болып шығуы, халыққа қызмет етуі қоғамның өсуіне септігін тигі­зе­ді. Біз қолдаймыз, барлық күш-жігерімізді салып жұмыс істейміз.

Сонымен қатар көпжылдық өтілі бар, орта жастан асқан педа­гогтарға біліктілік санатын беру үшін міндетті тестілеуден өткізу туралы әлі де ойласқанымыз жөн. Бұның өзі педагогтің мәр­тебесіне әсер етуі мүмкін. Біз шетелдердің мұғалім мәрте­бесіне қатысты заңдарын қарадық. Жас ерекшеліктерін ескермей барлық мұғалімді тек біліктілік санаты бойынша теңестіру меніңше дұрыс емес. Жас маманды қорғап, қолдаймыз да, ал көп жыл қызмет еткен мұғалімдерді бір деңгейде қалдыруымыз қателік. Олардың жетістіктерін, еңбегін елеуіміз керек. Оларды тест тапсыруға мәжбүрлесек, олардың қандай мәртебесі қалады?!.

Бағым ӘБУБӘКІРҚЫЗЫ, 

Білім және ғылым министр­лігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің басқарма басшысы:

– Білім және ғылым минис­трлігінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтар мен қоғам үшін маңызы зор «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы заңы­ның жобасын (Негізгі Заң) әзірлеу барысында жүйелі де, ауқымды жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ осы Негізгі Заң жобасына енгізілген нормалар бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Ілеспе заң жобасы да әзірленуде. Негізгі және Ілеспе заң жобалары педагогтер үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға мүмкіндік туғызатын құқықтық, әлеуметтік-экономикалық қаты­настарды реттейді.

Ең алдымен министрлікте екі заң жобасының құрылымы мен мазмұнын анықтау мақсатында оның тұжырымдамаларын әзір­леу үшін құрамына мұғалім-прак­тиктер, ғалымдар, заңгерлер, депутаттар, салалық кәсіподақ өкілдері қосылған жұмыс то­бы құрылды. Жұмыс тобы ха­лықаралық тәжірибелер мен зерттеулерді, ЮНЕСКО-ның «Педагогтің ережесі туралы» ұсынымдарын, «Мұғалім мәр­­тебесі туралы» ТМД-ның мо­делдік заңын, басқа да отан­дық нормативтік-құқықтық құ­жаттарды зерделеп, соның негізінде екі заң жобасының тұжы­рымдамалары әзірленді. Тұжы­рымдамалар мазмұнын кең көлемде талқылау үшін министрліктің сайтында және «Білімді ел» газетінің беттерінде «Пе­дагог мәртебесі туралы» заң жобасын талқылау» атты арнайы айдар ашылды, оған бар­лық өңір мұғалімдерінен 10 мыңнан аса ұсыныс түсті. Осы ұсыныстар ескеріле отырып, пысықталған заң жобаларының тұжырымдамалары министр­ліктің ресми сайтында және «Ашық нормативтік құқық­тық актілер» порталында тал­қыланды. Сонымен қатар мем­лекеттік және жергілікті ат­қарушы органдар, аккредиттелген бірлестіктер, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының келісімі болды. Сәйкесінше, 2018 жылғы 14 желтоқсанда Әді­лет министрлігінің заң жо­ба­лау қызметі мәселелері жө­нін­дегі ведомствоаралық ко­миссиясының (ВАК) 469-отырысында мақұлданған тұ­жы­рымдамалар негізінде Не­гізгі және Ілеспе заң жобалары әзір­ленді. Негізгі заң жоба­сы­­­ның құ­рылымы 6 тарау, 21 бап­тан құрал­са, ілеспе заң жобасы 2 баптан тұрады, яғни бірнеше Кодекс пен Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.

Осы Заң жобаларымен педа­гогтерді таныстыру, өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын ен­гі­зуге мүмкіндік беру мақса­тында WhatsApp желісі арқылы 7 231 педагогикалық топқа жі­берілді және өңірлермен он­лайн режі­мінде, баспасөз конфе­рен­цияларын­да, брифинг­терде Парламент Мәжі­лісі депу­тат­тары­ның қатысуы­мен тал­қы­ланды. Сон­дай-ақ министрлік қазақ­стан­дық сала­лық білім және ғы­лым қыз­меткерлерінің кәсіп­одақ өкіл­дерімен бірлесіп, барлық өңір­лерде заң жобаларын педаго­гикалық қауымдастықпен тал­қылау жұмыстарын өткізуде. 

Бүгінде «Педагог мәрте­бе­сі туралы» заң жобасы бойынша пе­да­­гогтің материалдық жағ­да­йын қамтамасыз етуге мемле­кеттік бюджеттен бөлінетін шығыс­тардың есептері, қаржылық-эко­но­микалық негіздемелері әзірленіп, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан келісім алынуда. Ұстаз мерейін өсіру, оның мәртебесін жақсартуға бағытталған тарихи мүмкіндік – заң жобалары келісу нәтижесі бойынша және мүдделі органдардан ғылыми-құқықтық, ғылыми-экономикалық, ғылыми-лингвистикалық сараптамадан өткен соң, регламент талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізіледі.

Елбасының тапсырмасымен әзірленген «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын талқылауға белсенділік танытып, дөңгелек үстел ұйымдастырғаны және айтылған құнды ұсыныстары үшін «Egemen Qazaqstan» газе­тінің ұжымына министрлік атынан алғыс айтуымыз керек.

Майра ТҰРҒАНҚЫЗЫ,

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіп­одағы­­ның төрайымы: 

– Мұғалім мәртебесі – мем­лекеттің мәртебесі. Кейбі­реулер «Елбасы бұл жерде мұғалімнің мәртебесін көтеру, артық жұ­мыстан арылту туралы айтты, олардың еңбекақысын өсіру жөнінде айтылмады» дейді. Мәселе бұл жерде екеуінің тұспа-тұс келіп, бір-бірімен қабысып жатуында. Неліктен жас жігіттер мұғалім мамандығына келмейді деп айтып жатырмыз. Әлеуметтік желіде жер-жердегі мектептегі ұл балалардың төбелесіп жататын бейнелері белең алып кетті. Бұл білім ошақтарындағы ер мұғалімдердің азайғанын аңғартады. Ұлдар неге мектепке мұғалім болып бармайды? Себебі мектептің жалақысы аз. Азамат деген әлімсақтан әулеттің асырау­шысы емес пе? Ол тұрмақ әйел азаматтарға да бұл айлық аздық етеді. Сондықтан мұғалімнің мәртебесін көтеруді олардың айлық жалақыларын өсіруден бастау керек. Заңда көрсетілген дүниелерді іске асыру қаражатқа келіп тіреледі. Ұстаздарға көше тазалатпау, міндетіне кірмейтін жұмыстарға жұмсаудан бөлек, олардың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруді де баса назарға алған абзал. Егер мемлекетіміз осы іске барын салып жұмыла жұмыс істесе, болашағымызға құйылған инвестиция деп ойлаймын. Бұл ретте дәрігерлер де, мәдениет саласының қызметкерлері де біз кімнен кембіз, бізге де сондай жағдай жасалсын деп шығуы мүмкін. Біз аталған мамандық иелерінің ең бірінші ұстаздың алдынан тәлім алатынын ұмыт­пауымыз керек. Сол себепті заң­ның қаражатқа қатысты баптарын нақтылап шешпей, бұл заң декларация күйінде қалады.

Айта кететін тағы бір жайт, заң орындалуы үшін жергілікті атқарушы билік органдарында қаражат болуы керек. Қазіргі қолданыстағы заңда мұғалімдерді отын-сумен қамтамасыз ету, тегін медициналық сараптамадан өту деген мәселелер бар. Бірақ толық орындалмай жатыр. Неге? Себебі жергілікті атқарушы билік органдарында қаражат жетіспейді. Қазіргі заң жобасында да мұғалімнің тұрмысына қажетті әлеуметтік пакеттер қарастырылған. Бірақ оның да іске асуы ақшаға келіп тіреледі. Сондықтан осының барлығын жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы билік өкілдеріне мемлекеттен қосымша қаражат берілсе деген ұсыныс бар. Халық бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қарсы алды, енді осы ойы жүзеге асып, тауы шағылмаса екен дейміз. Егер бұл жоба құжат күйінде қалса, елдің Үкіметке деген сенімсіздік сезімі өрши түсіп, қуанған көңілі су сепкендей күйге түсері анық. Қажетті қаражат бөлініп, тиісті көмек көрсетілсе, ер-азаматтар да мұғалім мамандығын таласа таңдайтын еді. Азаматтар жүрген жерде дау-жанжал болмай, тәртіп орнайтынына сенімдімін.

Сүлеймен МӘМЕТ, 

«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері; журналист:

– Жақында ел арасында мұғалімді ата-ананың ұрғаны туралы оқиға талқыланды. Таяуда ғана ол мұғалімнің жұмыстан кеткені және оқушының ата-анасына 100 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтінін естідік. Жұмыс орнынан мұғалім кеткеннен кейін оның беделін қалай көтереміз? Мұғалім сол жұмыс орнында қалуы тиіс еді. Шешімді шығарған сот органдары істі қайта қарап жатыр. Бізде заң жоқ емес, бар. Тек өз деңгейінде жүзеге аспайды. Мәселенің бәрі осыған келіп тіреледі. Білім туралы заңның ішінде мұғалім мәртебесі туралы айтылған. Енді тағы жеке заң қабылдау керек деп жатырмыз. Ертең сонда ата-ана, бала туралы заңдарды да қабылдау керек пе? Заңның орындалмайтын себебі неде? Бізде заңнан бұрын басшының сөзі жүріп тұр. Тиісінше басшыдан асып ешкім ешқайда бара алмайды. 

Бүгінде министрлік пен әкім­діктің рөлі қандай? Иманғали Тасмағамбетов Білім және ғылым министрі болған уақытта орта білім туралы заңды «Egemen Qazagstan» газетіне жариялап, екі ай талдағанбыз. Бүкіл ел осы істі қолға алайық деп хат жазған болатын. И.Тасмағамбетов Аты­рау облысына әкім болып кеткен соң жоғарыда айтылған заң қабылданбады. Одан кейін Қырымбек Көшербаев ми­нистрлікке келгенде білім саласына қатысты бірқатар заң қабылданды. Ол туралы Қы­рымбек Көшербаев, Әділ Ах­метов, Алма Әбілқасымова, Хор­лан Рахымбек «Қазақстан Республикасында жоғары білімді дамыту стратегиясы» атты кітап шығарған. Одан кейін Білім және ғылым министрлігін Нұралы Бектұрғанов басқарған тұста 12 жылдық білім беру мәселесі көтерілді. 48 мектепке эксперимент жасалды. Экспериментке қатысты талқылауда мұғалімдер «Орта мектепке де, басқа мектепке де бір стандарт тән» екенін айтып, наразылықтарын білдірді. Министрлікке Шәмшә Беркімбаева келген тұста ауыл мектебі туралы заң қабылданды. Бұл заңда «мәселенің бәрін ауыл­дан бастайық» деген бастама көтерілді. «Egemen Qazaqstan» газе­тінде «Ұлттық мектептің ұлы мұраты» деген айдар ашып, бұл мәселенің бүге-шүгесіне дейін талқыладық. Бүгінгі заңды да осылай әр бап бойынша тал­қылауымыз керек. 

Ең алдымен мұғалім мәрте­бесін айлығын көтеруден бастау керек шығар. Жуырда «Қарекет» бағдарламасында алты жыл бұрын ауылға барған, 28 мың теңге айлық алатын жас мұғалім кейіпкер болды. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылға барған соң жергілікті билік мұғалімге 2 млн 700 мың теңге ақша берген. Ол бұл қаражатқа үй сатып алып, 15 жылда төлеп бітіруі керек. Қазіргі таңда мұғалімнің жалақысы небәрі – 80 мың теңге. Сондай-ақ аталған заңдағы 6-баптың 1-тармағында «Педагогтің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге құқы бар» деп жазылған. Оны кім құрметтейді? Өзін өзі құрметтей ме? «Педагогке ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға кепілдік беріледі» делінген. Кепілдікті кім береді? Осыны беретін нақты адам бар ма? Сол сияқты 7-баптың 3-тармағында «Материалдық техни­калық қамтамасыз етуді оқыту және тәрбиелеу құрал­дарымен жарақтандыруды ұйым­дастыру білім беру ұйымына жүктеледі» делінген. Ал білім беру ұйымы қаржыны қайдан алады? 

Тағы да 11-бапта «Өзі­нің кә­сіптік қызметінде ұйымдас­тыру­шылық және материалдық-техникалық, оның ішінде оқыту және тәрбиелік құралдарын қам­тамасыз ету» туралы жазылған. Демек, қаржыны кім төлейді деген сұрақтың туындауы заңды­лық. 

Одан бөлек «Мұғалімнің беделі жоқ? Барсақ үнсіз қала­ды» деп педагог мамандарды жаз­ғырудан алға жан салмаймыз. Мұғалімдердің қарсы пікір айтуына да кері әсер ететін факторлар көп. Бүгінгі таңда мектеп директорларына қоңырау шалсаң, «Қолы бос емес, жиналысқа кетті» деген жауап естисің. Ди­ректор мұғалімдердің тұсауын байлап отырғаны жасырын емес. Мектептің директорын кім бе­кітеді? Мектептің директорын бекіткен кезде мұғалімдердің пікіріне құлақ асқан жөн. Ди­ректордың мектепті бес жыл басқаратыны туралы осы заңда көрсетілуі тиіс. Яғни, бес жылдан кейін қызмет орнын босатуы керек. Басшының мұғалім пікірімен санаспай сайлануы мұғалім беделінің түсуіне әсер етеді. Өйткені басшыны ұжым сайлай алмаған жерде ұжым мүшелерінің беделі болмайды.

Елдос БОЛАТХАНҰЛЫ,

Астана қаласы гумани­тарлық колледжінің директоры, заңгер: 

– Біз егер Педагог мәртебесін шынымен көтергіміз келсе, жә­не педагогика саласындағы жа­ғымсыз трендті тоқтатып, оны өсу траекториясына шығаруды қаласақ, мәселеге сыни тұрғыда қарауымыз қажет. Бұл да бізге берілген тарихи мүмкіндік еке­нін жұмыс тобының мүшесі ретінде түсіндік. Оның ішінде 60 шақты адам, директор, жоғары оқу орнының оқытушысы, колледж, Назарбаев зияткерлік мек­тептерінің мұ­ға­лімдері бар. Бә­ріміз жиналып, «Не істей­міз?» деген сұрақ ортаға тас­тал­ғанда, шыны ке­рек, алдымен «төбелесіп» ал­дық. Ақи­қатын айтайық, қазір ха­лықта құқықтық нигилизм деген бар. Заң қабылданады, бірақ ол орындалмайды. Осының алдын алу үшін нақты орындалатын, қолданылатын заң жобасын жасайық деген ниетпен бастадық. Біздің қоғамды көп адам, әсіресе үлкен кісілер сынайды, бірақ өзі ештеңе ұсынбайды. «Сынаңыз, сосын шешудің жолын ұсыныңыз, өзіңізді-өзіңіз бүркемеңіз», дейміз.

Білім туралы заңда мұғалім­дерді қызметіне тән емес жұмыс­тарға тартуға болмайды деген тыйым бар. Ол неге орындалмайды? Сөйтсек тыйым бар, бірақ сол үшін жауапкершілік жоқ екен. Кез келген заңның әрбір нормасы іс-әрекеттік емес, оның біршамасы қызмет көрсетуші, сүйемелдеуші, яғни декларативті болып келеді. Мына заң жобасы 21 баптан тұрады. Тың нормалар қаншалықты барын бақылап көрдім, жартысынан астамында астын сызып қоятын тұстар бар. Сөзімді растау үшін келтіре кетейін, «Білім туралы» заңдағы олқылықтың орнын толтыру мақсатында тыйымға жауапкершіліктің болуын қарастырдық – 8-баптың 2-тармағы. 

Заң – нормативтің, құқықтық актілердің иерархиясында тұрған жоғарғы нормативтік құжат. Оның ішінде барлық рецептерді жаза алмайсыз. Сондықтан екін­ші тармақта жауапкершілікті қарастырдық. Яғни, біз педагогті өзінің функциясынан тыс дү­ниелерге тартатын лауазым ие­лерін жауапкершілікке тар­тудың құқықтық тетігін беріп отырмыз. Болашақта, мысалы, директор да, министрлік өкілдері де мұндай қадамнан бірте-бірте бас тартатын болады. Бұл – бір. Енді осы заңды жұмыс істетуге нақты норма – 7-баптың 4-тармағы. 

Мен гуманитарлық колледж­ге басшылыққа жыл аяқталып қалғанда келдім. Маған кітап­ханашы басылымдардың тізімін әкелді. Ішінде 66 басылым бар екен. Көбі оқылмайды. Арасында педагогтардың өзі мақаласы шық­қанын ғана қолына алады. Әріптестермен ақылдаса отырып, тек керегін қалдырып, қалғанына жазылмайтын болдық. Міне, бұл да бір маңызды норма.

Тағы бірі – 11-баптың 6-тар­мағы. Осы баптың негізін­де біз әкімшілік-құқық бұзу­шы­лықтар туралы кодексте мұ­ға­­лімге қызметін жүргізу­ге бө­­­гет жасағаны үшін жауап­кер­­­­­шілікке тартуды қарас­ты­рып отырмыз. Әрине сот прак­­тикасы бұл норманың қан­ша­лықты өміршең екенін, қан­дай құқықтық тетіктерімен қамта­масыз етілгенін көрсете жатар. Дегенмен, педагогіміз реттеліп, өзінің кәсіптік міндеттерінің аясын анық біліп, оған ешкімнің негізсіз араласуына мүмкіндік бермейді деген үміттеміз. 

«Өзгеге сәулемді түсірем деп, өзім күйіп барам» деген сөз бар, шынында бұл ауыр, мо­ральдық, эмоциялық тұрғыда адам өзін қатты шығындайтын жұмыс. Сондықтан мұғалімнің зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шығуын гуманды деп есептедік. Бәлкім сол уақытқа дейін жи­нақталған зейнетақы қоры соншалықты қомақты болмауы мүмкін. Дегенмен, адамның мұндай құқықтық мүмкіндігінің болғаны да үлкен жетістік. 

Заң жобасында бар болғаны 21 бап болса да, мектеп түлегінің ЖОО-ға келгеннен бастап оның үздіксіз кәсіби дамуында барлық жолды қамтиды. Мәселен, біз дарынды балаларды, соның ішінде алтын белгі иегерлерін, республикалық, халықаралық конкурс жеңімпаздарын оқу орны артықшылықпен қабылдауына мүмкіндігі бар деген норманы енгіздік. Қазақ ұлттық педа­гогикалық университеті қазірдің өзінде осындай үздік түлектерді тартып отыр екен. Ал Назарбаев Университеттің педагогикалық мамандықта оқитын студент­терінің шәкіртақысы көтеріңкі. Міне, осы жүйені барлығына енгізуге болады. 

Педагогикалық саладағы оқу жылдарын еңбек өтіліне есептеу туралы норманы да енгіздік. Сонымен қатар педагогикалық қана емес, көршілес, соған ұқсас сала мамандары келсе де, қысқа мерзімді оқу арқылы педагогикада жұмыс істей алады. Мысалы, Израильде солай, бұрынғы ұш­қыштар, геологтер, қысқасы, тәжі­рибесі мол, үйрететіні көп адам­дарға мүмкіндік беру көз­делген. 

ЮНЕСКО-ның мұғалім мәр­те­бесі жөнінде 1966 жылғы ұсынысы бар, онда: «Мем­ле­кет­терге мынадай норма­ны қарастыру қажет: егер пе­да­­гогтің басы дауға қалатын болса, оған байланысты дау, тергеудің барысы және ол жө­ніндегі қабылданған шешімді жа­риялауға рұқсатты тек пе­да­гогтің өзі беруі керек», де­лінген. Біз педагогтан рұқсат сұрамай, әлеуметтік желіге жариялай саламыз. Міне, бұл да бір шығынды қажет етпейтін, бірақ аса маңызды, мұғалімдерді құқықтық жағынан ерекше қорғайтын норма болар еді.

Аятжан АХМЕТЖАН,

Республикалық «QAZBILIM» орталығы­ның директоры:

– 10 жылдан бері мұғаліммін. Білім саласына қатысты 90-нан аса мақала жаздым. Ең алдымен бұл заңға мектеп, білім бөлімі, департамент басшылары секілді әкімшілік лауазымды орындарға соңғы бес жылда үздіксіз білім саласында жұмыс істеген адамдар ғана тағайындалуы тиіс деген арнайы бап керек. Бұрынғы заңда көрсетілген «бес жыл жұмыс өтілі талап етіледі» деген бапты «соңғы бес жыл көлемінде» деп өзгерту қажет. Себебі білім бағдарламалары жылда түрленіп жатыр, 10-15 жыл бұрын білім саласында іс­тегендер немесе бұл салада мүлде істемегендер мектепке директор болып келсе қайшылық, сапасыздық, жүйесіздік туады. Өйткені облыстық, аудандық білім бөлімінің басшысы болып, кейін сайлаудан өтпей қалған әкімдердің мектепке немесе білім бөліміне басшы болып жатқандарын көзбен көріп жүрміз. 

Сондай-ақ аталған заңда қа­растырылуы керек тағы бір жағ­дай, мұғалім мамандығына түсетін түлектерді ынталан­дыру жайы болса керек. Олар­ды мамандық таңдамай тұрып шабыт­тандыру тетіктерін же­тіл­дірген дұрыс. Мысалы, қо­сымша гранттар тағайындап, жа­тақ­ханамен қамту деген сияқты жобалар қолға алынса деген тілек бар. Сонда ғана үздік мамандар шығады. Айталық, біз ауыл квотасымен түсіреміз де, ауылға баруға міндеттейміз. Себебі ол студент ауыл квотасымен оқуға түскен. Сол сияқ­ты «Мұғалім мамандығына оқы­ған түлектер мектепке барып қызмет істеуге міндетті. Өйткені мұ­ғалімдікке байланысты бонус беріліп отыр. Әйтпесе бонусты үкіметке қай­тар» деу керек. Біз артық бонустар бергенде ғана студентке жа­уапкершілік міндеттей аламыз. Алдағы уақытта педагогикалық мамандықтарға түскендерге артық бонус енгізілуі қажет деп есептеймін. 

Сонымен қатар жаңадан қабылданатын заңға айтар ке­лесі ұсыныс, аталған заңды бұз­­ған жағдайдағы нормалар жайына терең мән берсек дей­міз. Айталық егер осы заң жо­басындағы талаптарды мектеп директоры бұзса қандай шара қолданылуы керек? Сәйкесінше ол заңды ата-ана бұзса, оқушы бұзса қандай шара қолданылады? Өйткені қазір әлеуметтік желіде мұғалімдердің этикасына сай келмейтін бейнелерді түсіріп, тарататын жағдайлар белең алып барады. Және ол бейнелерді көбінесе оқушы түсіріп жатыр. Түсірсін, бірақ белгілі бір заңды органдарға тапсырса дейміз. Мысалы, мұғалімнің абыройы­на нұқсан келетін бейнені әлеу­меттік желіге бірден салып жіберіп, ел ішінде толқу ту­дырған балаға қандай шара қолданылады? Директор, мектеп әкімшілігіне, ата-анаға қандай норма қолданылады, барлығы осы заңда ашық көрсетілуі керек. 

Келесі жайт, педагогті дайындау кейбір жоғары білім беретін жекеменшік ұйымдардан алынып тасталғаны абзал. Өткен жолы 11 мың студент оқитын бір университетке бардым. Үш күн жүргенімде 300 студенттен артық студент көрмедім. Сондай ұйымдар бар. Сосын аталған заңда «Педагог мәртебесіне ие тұлғалар» деген бап бар. Осыған кімдер жатады деген заңды сұрақ туады. Жоғары оқу орындары, мектеп, балабақша бар, олармен келісемін. Енді міндетті түрде жекеменшік ұйымдарды да ескеруіміз керек деп ойлаймын. Өйткені қазір жекеменшік мектептер көбейіп жатыр. Ертең ондағы мұғалімдердің құқығы тапталса, олар ресми білім беру ұйымы емес деп ескерусіз қалуы мүмкін. Сондай-ақ жекеменшік білім беру ұйымдарындағы ұстаздардың педагогтік еңбек өтілі жүре ме, жүрмей ме? Қыс­қаша айтқанда, мұғалім мәртебесі көтерілуі үшін ең бірінші – функция толық орындалуы керек. Егер функция толық орындалмаса мәртебе көтерілмейді. Заң жай құқықтық құжат ретінде қалады.

Айнұр ҚАУМЕНОВА,

Астана қаласы Білім беруді модернизациялау орталығы директорының орынбасары:

– Мұғалімдер жалақы­сы­ның аздығынан «7 – 20 – 25» сияқты мемлекеттік бағдар­лама­лар арқылы баспанаға қол жеткізу өте қиын. Астана қала­сындағы мұғалімдердің бір мектептен екінші мектепке ауысуы жиі болып жатыр. Мұның себебін қарастырғанымызда, баспанасыз ұстаздардың жалдап отырған үйдің сатылуына, жалдау уақытының бітуіне, т.б. мәселелерге байланысты ауданды өзгертуге мәжбүр болуында екеніне көз жеткіздік. Сөй­тіп басқа мектепке ауысуына тура келеді. Өткенде әкім­­дік ұстаздарға 1 миллион теңгеден үй алуға арналған сертификат берді. Алайда оның ішінде құжат өткізген 30-40 мұ­ғалімнің ұзағанда екі-үшеуі ғана сол бағдарламамен үй алуға мүмкіндік алады. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаларда ұстаздардың баспаналы болуына жеңілдіктер қарастырылуы керек деп ойлаймын. Аталған заңның 14-бабының 1-тармағының бірінші тармақшасында «Бас­тапқы жарнасыз жеңілдікті несие беру бойынша тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ қызметтік тұрғын үй және жатақхана алуға басым құқыққа ие» деп жазылған. Жоғарыдағы түйткілді түйіндер осы бап негізінде шешілсе деген тілектеміз.

Ернұр ОМАРХАНОВ,

Астана қаласындағы №76 мектеп-лицейі директо­рының орынбасары: 

– Мұғалім мәртебесінің мә­селесі жер дауынан да артық талқыланып жатыр. Өйткені елімізде 375 000 мұғалім болса, оның сыртында қаншама оқушы, ата-ана бар. 

Егер жаңа заң қабылданса, кейбір нәрсені нақтылап алу керек. Бүгінгі заң жобасының төңірегінде көп талқыланып жат­­қан мәселе – мұғалімнің зей­неткерлік жасы. Әйел, еркек­тердің зейнеткерлік жасы нақты жазылса дейміз. Одан кейін зейнетке кеткен мұғалімдердің қайта жұмысқа оралуы туралы да нақты ережелер керек. Аз қамтылған мектептерде маман тапшылығына байланысты кейбір мұғалімдер жұмысына қайта келеді. Осы сынды мәсе­лелер назарға ілінуі керек. 

Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлердің өз емханалары, әскерилердің госпитальдары болғанындай, мұғалім мәртебесін өсіру үшін педагогтерге арналған бөлек емхана ашуды қолға алса деген ұсыныс бар. Бұл – мұғалім мәртебесінің өсуіне пайдалы. Қоғамның негізгі бөлігі – мұғалім болғандықтан, кезінде М.Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, «Ел боламын десең, мұғалімнің жағдайын түзе» дегім келеді.

Толқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ,

Астана қаласындағы №66 мектеп-лицейі директорының орын­­басары: 

– Салыстырмалы түрде қа­растырсақ, мұғалімдердің жағ­дайы жақсарып келеді. Қанша жыл бұрын «үй аралайтын» мұғалімдер деген әңгіме болған. Өткен екі-үш жыл ішінде мұндай үрдістің жойылғаны анық. Бұрын оқу процесіндегі көрнекілік құ­ралды әр мұғалім қалтасынан ақша шығарып жасататын. Бү­гінде басшылық тарапынан талап етілетін апта сайынғы есеп те тоқтатылды. Ұстаздар қауы­мының оқушылардың таным-тәрбиесіне, білім сапасына аса мән беруіне жағдай жасалуда деп толық сеніммен айта аламыз.

Дайындағандар 

Мирас АСАН,

Майгүл СҰЛТАН,

Рауан ҚАЙДАР,

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Egemen Qazagstan»

Дереккөз: http://egemen.kz/