Ұшқыштар төбелесіп, Париж-Мәскеу рейсі ұшпай қалды
Қысқа сілтеме алу
Жолаушылар басқа лайнерге отырғызылып, ол Шереметьево әуежайына дейін аман-есен жеткен екен
НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Париждің Шарль-де-Голль әуежайында пилоттар төбелесіп, ұшақ Мәскеуге ұша алмай қалды. Оқиға Air France әуе компаниясының лайнерінде болды, деп хабарлайды РЕН ТВ.
Ұшақ жолаушысының айтуынша, лайнер сағат 12:45-те әуеге көтеріліп, Шереметьево әуежайына жолға шығуға тиіс еді. Борт жолаққа бұрылғанымен, кері қайтты.
«Бізді ұзақ уақыт отырғызды, рейсіміз кешікті. Біз ұшаққа отырып, қарсы жолаққа шыға бастағанда, ұшқыштар кабинасынан айғай-шу естілді», — деп әңгімеледі жолаушы.
Оның мәліметінше, лайнер ішінде отырғандарға кабинада төбелес болып жатқаны хабарланды. Осыған байланысты экипаж ауыстырылып, ұшақ әуеге көтерілді. Бірақ жолаушы салонда өте суық болды дейді.
Сол себептен бір сағаттан кейін Airbus-тың Парижге оралатыны белгілі болды. Жолаушылар басқа лайнерге отырғызылып, ол Шереметьево әуежайына дейін аман-есен жетті.
sputniknews.kz