Үшінші дүниежүзілік соғыс өрті қайда тұтанады?
Әлемдік БАҚ беттерінде және әлеуметтік желілерде соңғы уақытта Үшінші дүниежүзілік соғыс өртінің тұтануы мүмкін екендігі өте көп айтылып жүр. Шетелдік сарапшылар, саясаттанушылар мен ғалымдар оның қай жерден бастау алып, қандай себептері бар екендігін де өздерінше тізбектеуде. Qamshy.kz ақпарат агенттігі шетелдік БАҚ-та жарық көрген түрлі сарапшылардың пікірін оқырман назарына ұсынады.
Қазіргі таңда Мәскеу мен Вашингтон және Вашингтон мен Пекин арасындағы қарым-қатынас үрей туғызуда. Соғыс өрті қай аймақта тұтануы мүмкін?
Бүгінде бұқара халық «Үшінші дүниежүзілік соғысты әне-міне басталып кетеді» деп күтуде. Осы уақытқа дейін әр жерде қаншама қарулы қақтығыстар орын алып, кей елдерде жантүршігерлік оқиғалар болса да, 1945 жылдан бері барлық мемлекеттер соғыстан басын алып қашып, әскери қақтығысқа жол бермей келеді. Дегенмен АҚШ-тағы құрлық әскерлерінің әскери колледжінің профессоры Роберт Фарли National Interest журналында жарық көрген мақаласында алпауыт державалардың арасында соғыс өрті тұтануы әбден мүмкін екендігін жазады.
Оның айтуынша, үшінші дүниежүзілік соғыс Украинада басталуы мүмкін.
«Бүгінде Қытайдың күші едәуір артуда, ал Ресей болса, халықаралық тәртіп нормаларын қабылдамайды, сондықтан да ұлы державалар арасындағы соғыстың басталып кетуі ертегі емес», — дейді Роберт Фарли. Оның ойынша, кез келген жағдайда қарулы қақтығыстың негізгі себебі қазіргі халықаралық тәртіп нормаларының және АҚШ әскери гегемонасының бұзылуы болып табылады.
Британдық Daily Express басылымында Үшінші дүниежүзілік соғыс қаупін тудырған Азов теңізіне қарай бағытталған Ресей фрегаты туралы жазылған еді. Сонымен қатар, польшалық БАҚ беттерінде евродепутат Януш Корвин-Миккенің қазан айында үшінші дүниежүзілік соғыс туралы айтқандары жарық көрді. Бұдан бөлек, америкалық және ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары да бұл мәселе төңірегінде жарыса жазуда.
«Дүниежүзілік соғыс өрті тұтануы үшін мүлде келісімге келе алмайтындай жанжал болуы керек. Яғни, бір тарап мәселені бейбіт келісім арқылы шешуден бас тартады», — деп жазады әскери сарапшы Алексей Леонков «Взгляд» журналына берген мәлімдемесінде. Оның айтуынша, бүгінде бейбіт келісімге келуді АҚШ қаламай отыр.
Жер шарының қай нүктесі үшінші дүниежүзілік соғыстың ошағына айналады?
«АҚШ пен Қытай аралығындағы немесе АҚШ пен Ресей арасындағы аймақтарда дүниежүзілік соғыс өрті тұтануы мүмкін. Ресей немесе Қытай әскерлерінің АҚШ-пен қақтығысуы стратегиялық ядролық күштерді пайдаланып, дүниежүзілік соғыстың басталуына әкеп соғады», — деп мәлімдеді генерал-лейтенант Евгений Бужинский.
Оңтүстік-Қытай теңізі
Роберт Фарли өзінің мақаласында Оңтүстік-Қытай теңізі АҚШ пен Қытай арасындағы жан-жалдардың бастауы болуы мүмкін екендігін жазады. Соңғы уақыттарда екі ел арасындағы қарым-қатынас мүлде ушығып бара жатқаны белгілі, тіпті, тарифтік шектеулер қойып, сауда-саттық соғысына әкеп соқты және екі ел азаматтары мен компанияларының ізіне түсіп, оларды аңдуда. Сондықтан да, Пекин мен Вашингтон өзара келісімге келе алмаса, қарулы қақтығыстан қашып құтылу мүмкін болмайды.
«Әскери қақтығыс тұрғысынан қарайтын болсақ, бүгінгі заманның басты мәселесі – АҚШ пен Қытай арасындағы жанжал. Ол әрине экономикалық мәселеге келіп тіреледі. Қытай даму үстінде, ал АҚШ-тың қарызы күннен-күнге өсіп жатыр, яғни бұл экономикалық мәселенің шешімі өте күрделі, сондықтан да соғыстың басталуы әбден мүмкін», — дейді әскери ғылымдар академигі Вадим Козюлин. Сонымен қатар, АҚШ пен ҚХР әскерлері жиі кездесетін Оңтүстік-Қытай теңізіне де талас туындаған. Бұл уақытқа дейін Қытай әскерлері АҚШ-тың суасты аппараттарын басып алған кездер де болған.
Козюлиннің айтуынша, бүгінгі таңда бұл мәселе төңірегінде оңтайлы өзгерістер байқалмайды, керісінше жағдай күннен-күнге ушығып барады.
Украина
Жақында Керчь бұғазында болған оқиға мен Киевке әскерлерді кіргізу Украинада тұрақты жағдайдың бұзылуына себеп болады. Роберт Фарлидің пайымдауынша, Мәскеу Украинадағы президенттік сайлау алдында оның кво-мәртебесін бұзуға мүдделі емес, ал Киевтегі жағдайды өзгертіп, тұрақтандыру үшін әскери күш пен ресурстар жеткіліксіз, алайда Ресей мен АҚШ арасындағы шиеленісті пайдалана отырып, ол соңғы жылдары Украинада қалыптасқан тепе-теңдікті бұзуы мүмкін.
«АҚШ Украинаны қолдап отыр, ал НАТО болса, тіпті, украиндықтарға әскери күш жағынан көмек көрсетіп, қандай да бір қақтығысқа қатысуды көздеп отырған сыңайлы. АҚШ-тың бұл әрекеті, әрине, Ресейдің шамына тиіп, Америкамен қарым-қатынасы одан сайын бұзылатыны сөзсіз. Сонымен қатар, бүгінде Керчьте дағдарыс ушығып тұр», — дейді Козюлин.
Алексей Леонков Украинадағы жанжал қазіргі уақытта басты мәселе болып тұрғанына сенімді. АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдарында Украинадағы кикілжің туралы көп айтылуда.
Таяу Шығыс
Фарли өз мақаласында Парсы шығанағы жайында ғана айтады, алайда бүкіл Таяу Шығыс елдерін де соғыстың ошағы ретінде қарастырған да дұрыс болар. Вадим Козюлин «Таяу Шығыс қарулы қақтығыстың бастауы болады» деп ойламайды.
«Ол жақта соғыс біраз уақыттан бері жүріп жатыр, адамдар ол қарулы қақтығыстардан шаршап кеткен, ал Дональд Трамп өз әскерлерін Сириядан шығарды. Ол сайлауға дайындалып жүр, сондықтан да Трампқа аяқасты келеңсіздіктер мен тосын сыйдың қажеті жоқ. Сондықтан да Дональд Трамп қандай да бір оқыс әрекеттер жасамайды», — дейді ол.
Сонымен қатар, Йеменде де соғыс ақырындап бәсеңдеп келе жатыр. Араб коалициясын келіссөзге шақырып, Йемендегі қақтығыс тоқтауы әбден мүмкін. Алайда, Ирандағы жағдай мүлде басқаша.
«АҚШ пен Израиль Иранға тісін қайрап отырғаны белгілі. Тегеран болса,оларға жауап беруге дайын отыр. Шығанақта америкалық әуе кемесінің тасымалдаушысы көрінгенде, ирандықтар дәл соның жанында ракеталарын атқылап, өздерінің қару-жарақтары дайын екендігін көрсеткен. Сонымен қатар, олар Таяу Шығыстан келетін мұнай тауарына шектеу қойып, шығанақты бұғаттап тастауға да дайын екендігін жеткізген. Сондықтан да бұл жерде де соғыс өрті тұтанып кетуі әбден мүмкін», — дейді Козюлин.
Алексей Леонковтің айтуынша, Иранның өте жақсы серіктестері бар, олар – ядролық қаруы бар Қытай мен Ресей. Сондықтан да, бұл жанжал дүниежүзілік соғыс өртінің тұтануына әкеп соқтыруы мүмкін.
Корей түбегі
КХДР мен АҚШ өзара келісімге келгеніне қарамастан, Солтүстік Корея ядролық қару мен баллистикалық ракеталарды жасап шығаруын тоқтатар емес. Ал Пхенян мен Вашингтон қарым-қатынасы Дональд Трамп пен Ким Чен Ын арасында келеңсіздіктер туындаса кез келген уақытта ушығып кетуі мүмкін.
«Бұл аймақта соғыс өрті кез келген уақытта тұтануы ғажап емес. Алдымен бейбіт келісімге қол созып, кейіннен соғысқа қарай ұмтылу – үнемі қайталанып отыратын процесс, кейін Солтүстік Корея өзінің ядролық қаруымен қорқытып, ойнақтай бастайды. Бұл жағдайдың созылып келе жатқанына біршама уақыт болды», — дейді Козюлин.
Дегенмен, бүгінде Солтүстік Корея айналасындағы келеңсіздіктер біршама тыйылған. Трампқа бұл мәселені қайта көтеру еш пайда әкелмейді. Одан ұтатыны жоқ, себебі Солтүстік Корея америкалықтардың берген уәдесін ұмытпайды, сондықтан да олар ядролық қаруды іске қосуы екіталай.
Ал Леонков «Бір таңқаларлығы – қазір ең тыныш аймақ Солтүстік Корея болып тұр» деп атап өтті және де америкалық БАҚ КХДР жайында мүлде сөз қозғамайтын болған.
Алайда Евгений Бужинский бұл сарапшылардың пікірімен келіспейді.
«Бүгін тыныш шығар, бірақ ертең қайтадан ушығып кетпейтініне ешқандай кепілдік жоқ. Ол жақта жағдай әлі тұрақталмады. Солтүстік Кореяда КХДР мен АҚШ арасындағы ядролық қарусыздандыру туралы келіссөздер тоқтап қалды. Ал Трамптың шыдамы қашанға дейін жетер екен? Ол кез келген уақытта бомбалауды бастап кетуі әбден мүмкін», — дейді сарапшы.
Орталық Азия
Соғыс өртінің ошағына айналуы мүмкін жерлер мұнымен тоқтамайды. Алексей Леонков өз мәлімдемесінде бұлардың қатарына Орталық Азияны да қосады. Себебі, АҚШ әскерлері Ауғанстаннан кеткенімен, ол жердегі жағдай әлі тұрақталған жоқ.
Расында да, ұзақ мерзімге созылған Ауғанстан мәселесін АҚШ әлі күнге дейін шеше алмай келеді және ол жалғасын тауып, одан да күрделі жанжалға айналуы әбден мүмкін. Сарапшының пікірінше, бұл жерді америкалықтар өз пайдасына асырып, әлемде қайтадан тұрақсыз жағдай тудыруы мүмкін. Дегенмен, бұл әзірге тек болжам ғана екенін де айтып өтті.
Арктика
Әлемдік алпауыт державалардың қақтығыс алаңына Арктика да айналуы ықтимал. Биыл НАТО ол аймақтағы әскери күшті нығайтуға ниет білдіріп, тіпті, онда дайындық жаттығуларын да өткізді. Сонымен қатар, Арктика үшін таласта АҚШ Мәскеуден қалып бара жатқандығын сөз етіп, бұл мәселені қалай да шешу керектігін айтқан.
Вадим Козюлин бүгінде Арктика ақырындап соғыс өртінің ошағына айналып бара жатқандығын тілге тиек етеді. Бұл жерге біршама елдер қызығушылығын білдіріп отыр.
«АҚШ Украинаның Керчь бұғазындағы кикілжіңде жасаған араңдатушылық іс-әрекеттері секілді қадамға баруы мүмкін және Солтүстік теңіз жолының әлемдік одаққа қарайтынын сылтауратып, Ресей Федерациясының храмына кіруге тырысады. Ал Ресей өз кезегінде, аумақтық құқығын қорғау үшін қандай да бір шараларды қолданады, содан АҚШ пен Ресей арасында қарулы қақтығыстың туындауы әбден мүмкін», — деп мәлімдеді әскери ғылымдар докторы Константин Сивков.
Венесуэла
Үшінші дүниежүзілік соғыстың ошағы Латын Америкасы болып қалуы да ғажап емес.
«Бүгінде экономикалық жағдайы тұрақталмаған Венесуэлада соғыстың басталып кетуі ықтимал, сонымен қатар, оған АҚШ — та қысым көрсетіп отырғаны белгілі. Сондықтан ол жерде ішкі немесе сыртқы қарама-қайшылықтың басталып кетуі ғажап емес», — дейді Вадим Козюлин.
«Мадуро режимін құлату» туралы сылтаумен Венесуэлада соғыс өртін тұтандыруды оның көршілері армандап жүр. Тіпті, Аргентина мен Бразиялияға да қатысты мұндай идеялар туындауда. Ал, Каракас болса, бұрыннан көршілес Гайана аумағына көз тігіп жүр.
«Мұнай бар жерде аяқ астынан түрлі оқиғалар болып қалуы және кикілжіңдерге тап болуы да әбден мүмкін. Ал Венесуэла дәл сондай аймақтың бірі екендігі белгілі», — деп атап өтті Козюлин.
Үшінші дүниежүзілік соғыс біз күткеннен ерте басталып кетуі ғажап емес
АҚШ ядролық қаруға байланысты мүмкіндігінше Үшінші дүниежүзілік соғысқа қатыспауын қалайды, себебі мұндай жағдайда АҚШ ауқымды шабуыл операцияларын жасай алмайды. Бұл туралы Константин Сивков мәлімдеді.
«Ресей тәуелсіз ел, сонымен қатар ресейлік ядролық зымыран потенциалы болғандықтан, қарулы қақтығыстар жергілікті сипатқа ие болады және ол ядролық державаларға айналмайды», — дейді ол.
Алексей Леонков «Дүниежүзілік соғыс сарапшылардың айтқанындай бола бермейді» дейді. Бұл уақытқа дейін әлі бірде-бір сарапшы дүниежүзілік соғыстың қалай болатынын айта алмаған.
«АҚШ-та «мүмкін шабуыл жасамайтын болар» деген пікірді ұстанатын және жергілікті қарулы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге шақыратын топтар бар. Бұл мәселеге қатысты түрлі пайымдаулар бар және олар болады да, алайда дүниежүзілік кикілжіңге дейін баратынына аздап күмәнім бар. Себебі, әлі де Үшінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің болмайтынын түсінетін адамдар бар. Дәл осы нәрсе оларды тоқтатып отыр», — деп атап өтті сарапшы.
Дереккөзі: Vz.ru
Аударған: Назерке Лабихан