ұшақтың «қара жәшігіндегі» жазбалар оқылды

0
37

Тергеуге апатқа ұшыраған әуе кемесі жасалған Нидерланд елінің кеңесшілері мен сенімді уәкілдері қатысып отыр

АЛМАТЫ, 13 қаңтар — Sputnik. Мемлекетаралық авиациялық комитет өткен жылдың соңында Алматы түбінде құлаған «Бек Эйр» ұшағының өздігінен жазатын құралындағы жазбаларды оқыды.

«Комитеттің ғылыми-техникалық орталығында ұшақтың өздігінен жазатын құралындағы жазбалар оқылды. Барлық ақпарат тергеу комиссиясына берілді. Ақпараттың алдын ала сараптамасы оқиғаның хронологиясы мен апаттың негізгі нұсқасын анықтауға жағдай жасады», – деп жазылған хабарламада.

Тергеуге әуе кемесі жасалған Нидерланд елінің кеңесшілері мен сенімді уәкілдері қатысып отыр.

Айта кетсек, бұған дейін ұшқыштар сөзінің жазбасына сүйеніп, премьер-министр орынбасары Роман Скляр апаттың негізгі себебін атаған болатын. Оның айтуынша, ұшақ сыртына мұздың қатып қалуы – негізгі себеп. Әуе кемесі тұрақта екі тәулік тұрған.

Тағы оқыңыз: «Керек емес. Не істеп жатырсың?»: Bek Air ұшқыштарының әңгімесі жарияланды

Өздігінен жазатын құралындағы жазбалар Нидерланд елінің сенімді уәкіліне берілді.

«Комиссия шешіміне сәйкес, ұшуды математикалық модельдеу жұмысы басталды. Ол әуе кемесінің аэродинамикалық сипаттамасын анықтауға жағдай жасайды», – деді.

Алматы түбіндегі ұшақ апаты

Ұшақ апаты 27 желтоқсан таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш жансақтау бөліміне түскен.

Ішкі істер министрлігі әуе апатына себеп болған үш жағдайды атады. Олар: экипаж қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызмет жұмысы.

Ұшақтың қара жәшігі Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне тапсырылды. Тергеудің алдын ала қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланбақ.

Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.



sputniknews.kz