Ұшақ құлауының алдын ала себебі айтылды

0

Қазақстанның премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр Bek Air авиакомпаниясының Fokker-100 ұшағы «техникалық ақаудан» немесе ұшқыш қателігінен құлаған болуы мүмкін деп мәлімдеді. Ол мұның алдын ала болжам екенін ескертті. Склярдың айтуынша, ұшақтың артқы бөлігі «ұшып-қону жолағына екі рет тиген».

Оқиғаға байланысты құрылған үкімет комиссиясының мүшесі Роман Скляр 27 желтоқсан күнгі брифинг кезінде апаттың себебін арнайы техникалық сараптама анықтауы тиіс екенін айтты. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, үкімет комиссиясы апат орнына барған.

Склярдың сөзінше, апат орнында сегіз адам қаза болған, екі адам — ауруханада, екі адам әуежайда көз жұмған. 49 адам ауруханаға жатқызылған, 18 адамның жағдайы ауыр деп хабарлады Роман Скляр.

Жұма, 27 желтоқсанда күндіз Қазақстанның ішкі істер министрлігі құтқару жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады. ІІМ дерегінше, ұшақ бортында 93 жолаушы, бес экипаж мүшесі болған. Олардың арасында шетел азаматтары да болған: Украинаның екі азаматы, Қырғызстанның бір азаматы, Қытайдың бір азаматы. Бастапқыда бортта 95 адам болғаны хабарланған еді.

Желтоқсанның 27-і күні таңертең Алматы әуежайы маңына Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы құлады. Ұшақта 93 жолаушы мен бес экипаж мүшесі болған. Қаза болғандардың санына байланысты ақпарат өзгеріп жатыр. Ресми орындар бастапқыда 15 адамның қаза тапқанын хабарлаған. Кейінірек Алматы қалалық әкімдігі ұшақ апатынан 12 адамның қаза болғанын мәлімдеп, олардың тізімін жариялады. Олардың арасында экипаж командирі де бар.​

Талғар аудандық полиция басқармасына «Гүлдала елді мекенінің маңына ұшақ құлағаны» туралы ақпарат таңертеңгі сағат 7:30-да түскен. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Fokker-100 ұшағы «ұшу кезінде биікке көтеріле алмай» екі қабатты тұрғын үйге соғылған.

Azattyq