Ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына өтемақы қалай төленеді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Қазақстан үкіметі қаза болғандардың отбасына төрт миллион теңгеден төлеу туралы шешім қабылдаған еді

НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Алматыда ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына өтемақыны ең қысқа мерзімде төлейді. Бұл туралы бүгін ведомствоның басшысы Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстан үкіметі қаза болғандардың отбасына төрт миллион теңгеден төлеу туралы шешім қабылдаған еді.

«Министрлік тиісті қаулы әзірледі. Бүгін үкімет мүшелері оған дауыс берді. Енді ақша еңбек министрлігіне түседі. Сосын біз ең қысқа мерзімде оны  отбасы мүшесінің есепшотына аударамыз», — деді Нұрымбетов үкімет кулуарында.

Айтуынша, зардап шеккендерге материалдық өтемақы төлеу туралы шешімді Алматы мен Алматы облысының әкімдіктері қабылдайды. 

«Егер материалдық сипаттағы төлемдер болса, оны Алматы мен Алматы облысының әкімдіктері шешеді. Үкімет деңгейінде тек қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төлеу туралы шешім қабылданды», — деді министр.

Айта кетсек, ұшақ апаты 27 желтоқсан таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Тағы оқыңыз: Алматы түбіндегі апат: бортсеріктерден де жауап алынуда 

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр.

Қазір 46 пациент ауруханада, оның тоғызы – бала. Денсаулық сақтау минстрлігі балалардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтты. Тоғыз адамның жағдайы әлі ауыр.

Ішкі істер министрлігіне әуе апатына себеп болған үш жағдайды атады. Олар: экипаж қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызметтің жұмысы.

Әуе ұшағының қара жәшігі Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне тапсырылды. Тергеудің алдын ала қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланбақ.

Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды



sputniknews.kz