Ұшақ апатынан аман қалған ұшқыш қамауға алынған жоқ – ІІМ

0
65

Ұшқыш қазір ауруханада ес-түссіз жатыр, оған операция жасалды, сондықтан полиция одан әлі түсініктеме алмаған

НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Алматы түбінде құлаған ұшақтың екінші ұшқышы Миржан Молдақұлов қамауға алынған жоқ, деп хабарлайды ҚР ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомство апатқа ұшыраған Bek Air әуе компаниясына тиесілі ұшақтың екінші ұшқышы қамауға алынды деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Қазіргі таңда ол ауруханада жатыр. Медициналық мекемеде полиция қызметкерлерінің болуы қауіпсіздік шараларымен байланысты. Ішкі істер министрлігі БАҚ және тұрғындарды тексерілмеген ақпаратты таратпауды сұрайды», – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Алматыдағы №4 қалалық клинкалық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айман Байзолданова екінші ұшқыштың омыртқа жотасына күрделі операция жасалғанын, ол әлі наркозда жатқанын айтты. Науқас ауыр халде жатыр, бірақ жағдайы тұрақты.

Ұшақ апатынан зардап шеккен бортсерік қыз есін жиіп, полиция мен авиақауіпсіздік қызметінің мамандарына түсініктеме берген. Ол бас-ми жарақатын алған.

Екінші ұшқыш туралы не білеміз?

Миржан Молдақұлов 1965 жылы мамырда дүниеге келген. Ол әуеде 11 544 сағат ұшқан. Оның 4144 сағаты Fokker 100 ұшағында өтіпті.

Еске сала кетсек, ұшақтың командирі Марат Мұратбаев қаза тапқан болатын. 

Алматыдағы ұшақ апаты

Қайғылы оқиға 27 желтоқсан таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы Fokker 100 ұшағы құлады. Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш қазір ауруханада жатыр.

Әуелі полиция ұшақтың құлауына себеп болған екі жағдайды алға тартқан еді – техникалық ақаулық немесе ұшқыштың қателігі. Кейін үшінші себеп айтылды – метеорологиялық жағдай. 

Президентің тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз