«Үш жылда балаларын бір іздеген жоқ»: Динара Қырықбаева күйеуімен ажырасқан соң алғаш рет сұхбат берді

0
2412

Динара Қырықбаева Айнұр Ілиясованың Momskий әңгіме бағдарламасында қонақ болып, өміріндегі өзгерістер, балалары және отбасы туралы сөз қозғады, деп хабарлайды kznews.kz сайты nur.kz порталына сілтеме жасап.

Әнші алғаш рет күйеуімен қалай ажырасқанын және қиын кезеңдерден қалай өткенін айтып берді.

Динара Қырықбаева бұрынғы күйеуі Олжаспен бес жыл бір шаңырақ астында өмір сүрген. Алайда 2019 жылы танымал әншінің шаңырағы шайқалып, күйеуімен ажырасып кетті.

Динараның айтуынша, күйеуімен ажырасқан сәтте кіші қызы небәрі қырық күндік болған.

«Ажырасамыз деп шешім қабылдағанда кіші қызым Аяның туғанына бар болғаны қырық күн толған еді. Әрине, қиын кезең болды. Десе де, мен мұның бәрінен өтіп кеттім. Тіпті, депрессия да қинаған жоқ. Әке-шешем керемет қолдау көрсетті. Әсіресе, анамның қалай көмектескенін ешқашан ұмытпаймын. Үш балама қарап, бетімді жастыққа басып, жылап алатынмын. Бірақ үш балам мен үшін керемет мотивация болды. Оларға қарап отырып, мықты болмау мүмкін емес. Бұрынғы күйеуіммен бес жыл тұрдым, осы аралықта біз үнемі бірге емес, бөлек кететіндей жолды таңдайтын едік. Әрбір жүктілік кезеңін қиын өткіздік. Бір ұққаным — ешкімді қайта тәрбиелеу мүмкін емес. Адамды қалай бар, солай қабылдау қажет. Менің оған еш өкпем, еш ренішім жоқ. Алтындай балаларым үшін рахмет. Бәрі артта қалды. Десе де, ол осы уақытқа дейін балаларын бірде бір рет іздеп келген жоқ. Міне, кіші қызым үшке толды. Біз Ая туылған кезде ажырастық. Осы аралықта ол балаларына мүлде келмеді», — дейді Динара.

Әншінің айтуынша, үлкен қызы мен ортаншы ұлы әкелерін әлі күнге дейін сұрап тұрады.

«Әрине, балаға әке керек. Егер ол балаларына келемін десе, қарсы емеспін. Бірақ менің онымен қайта қосылмайтыным анық. Үлкен қызымның есінде әкесі жақсы сақталған. Ұлым да әкесін үнемі мақтанышпен айтып отырады. Мен оларға әкелерін жамандамаймын. Ол туралы артық сөз айтпаймын, керісінше, мақтап отырамын. Ал кіші қызым оны мүлде танымайды. Оның сөздік қорында «папа» деген сөз жоқ мүлде. Үйде оларға әкесі де, анасы да өзіммін. Солар үшін тынбай еңбектенемін. Балаларыма ұрсамын, бірақ ұрған емеспін. Ажырасқан кезде қалтамда он мың теңге ғана болды. Үш баланы қалай да жетілдіру керек деп ойладым. Алиментке арыз жаздым, төлеп тұрады. Бірақ мен өзімнің ательем, блогерлік табысым арқылы балаларымды асырап отырмын. Алименттің сомасы қандай екенін ажырасқан аналар білетін шығар. Бірақ мен ешқашан ажырасуды насихаттамаймын. Бұл — өмір, әркімнің басында болуы мүмкін жағдай», — деді Динара Қырықбаева.