«Үш қабатты үй дайындап жатырмын»: Шахизада жаңа келінін перзентханадан қалай шығарып алғанын айтты — Қазақстан жаңалықтары
Шахизада келінінің қалай босанғанын Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді. Үшінші мәрте әже атанған әншінің қуанышында шек жоқ. Алматыдағы перенаталдық орталыққа түс ауған шақта келіні мен немересін шығарып алуға әншінің отбасы, жақындары, өнердегі әріптестері мен тілеулестері жиналып, қуанышына ортақтасқан.
— Шахизада ханым, үшінші рет немере сүйіп жатырсыз. Қандай сезімдесіз? Келініңіз қалай босанды? Ешқандай қиындықтар болған жоқ па?
— Келінімнің «Дияр балаңыздың шыққысы келмейді» деп көңіл-күйі болмай тұр екен. Сосын бісімілләмді айттым да, қанша дегенмен қожаның қыздарымыз ғой, алақанымды ішіне қойып, немереммен сөйлестім. Айналайын айым, күнім, сені сағынып жатырмыз, шықсаңшы енді мына жарық дүниеге, келші енді деп, аяғы қайда, басы қайда, көтені қайда деп ұстап кеткем. Ертеңінде «Біз босануға кетіп бара жатырмыз деп жазып жіберіпті.
Балам «Анашым, сіздің алақаныңыз керек болып тұр екен ғой. Сіздің балаңыз» деп күледі. Дәрігерлер де босанғанда ешқандай қиналмады дейді. Ұлым босанғанда жанында болды. Сөйтсе, келінім «Өй, мынау деген оңай екен ғой, тағы да он шақтысын туып тастайын» депті. Дәрігерлер келініңіз өзіңізден аумайды екен дейді. Соған қарағанда болашақта тағы біраз немере туып беретін сияқты.
— Екі немереңізді көрмей тұрмыз, олар қазір қайда? Әкелерін құттықтауға келмейді ме? Бірінші келініңіз бұл жағдайды қалай қабылдады?
— Екі немерем екі жақта. Өзім бос кезімде қасыма алып аламын. Қазір нағашы апасы мен атасына кетті. Бірнеше күнде келеміз деп жазып жатыр. Бірінші келінім Ләззат жазып жатыр құттықтап. Бірінші келінімді сыйлаймын. Екеуін де жақсы көремін. Тағдырдың жазғаны болғаннан кейін оған ешқандай кедергі бола алмадық. Немерелеріммен араласамыз. Бірінші келінім Ләззат «Сенің енді кішкентай інің бар, інің дүниеге келді» деп үлкен немереме айтып жатыр. Мен ішімнен қуанып қалдым. Аллаға шүкір. Түсінігіне көп рахмет.
— Өзіңіздің жолдасыңыз немерелі болғанын біледі ме? Сізді құттықтады ма? Қазіргі таңда араласып тұрасыздар ма?
— Менің жолдасым балаларыммен араласады. Менімен араласпайды. Шыны керек, менің араласатын уақытым да жоқ. Балалардың қамы деп үш қабатты үйді дайындап, құрылыс материалдарын алып жатырмын. Өзімнің де шаруаларым бар. Балам әкесімен араласады. «Атын мен қоюым керек еді» деп хабарласыпты ұлыма.
Шахизаданың ұлы шекесі торсықтай перзент сыйлаған келіншегіне қалағанын алып беремін дейді. Бұл баламыз анамызға тиесілі, деп отыр Олжас. Келіншегін перзентханадан шығаратынның алдында дөңгелегі жарылып, үшінші рет әке атанған ол бір сағатқа кешігіп келген.
«Қыз әкесінікі, ұл анасынікі болады ғой негізі. Бірақ біздің ұл апасынікі болайын деп тұр. Жолда көлігімнің дөңгелегі жарылып қалып, көшенің ортасында май-май болып ауыстырып тұрдым. Жаңа тұлпарға не болғанын білмеймін. Достарым, олардың келіншектері құттықтауға келді», — дейді Олжас.
Ал Шахизаданың келіні ешқандай сыйлық керек емес дейді. Ол қалай босанғаны туралы айтып, алдын ала дайындалғанын жеткізді. Осылайша ол барлығына алғыс айтты.
«Бәрі тез болды, ештеңе түсінбей қалдым. Босануға күйеуіммен бірге кірдім. Жұбайым «Өзімнен басқа бірге кіретін адам жоқ» деп айтты. Алдын ала дайындық курсына қатыстық. Бәрін үйрендік. Күйеуімнен ешқандай сыйлық күтпеймін, ол кісінің менімен кіргенінің өзі сыйлық емес пе?» — дейді Шахизаданың келіні.
Сұхбаттасқан: Дана РУСЛАНҚЫЗЫ
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.
stan.kz