«Үш отбасын асырап отырған азамат…» – Елуге толған Саят МЕДЕУОВКЕ өнердегі достары не сыйлады?

0

Қазақ эстрадасында қоңыр үнімен танылған Саят Медеуов санаулы күн бұрын ғана елуге толды. Республика сарайында өткен кештің соңы салтанатты мейрамханада дүбірлі тоймен жалғасты. Nege.kz тілшісі аптығын басқан әншіден біраз сыр тарқатып көрді. 

– Ердің жасы елуге келдіңіз. Ел алдына есеп беру өткізіп, мойныңыздан жүк түскен болар?

– Иә, елуге толғанда үлкен кеш берсем деп көптен ойлап жүрген едім. Бұған қанша күн, қанша түн тыныштық көрмей дайындық жасап, шапқылауыма тура келді. Көпшілік концерт берудің жүгі жеңіл деп те ойлауы мүмкін. Бірақ бұл – егін еккенмен пара-пар тірлік. Бір концерт бергеннен он той өткізген оңай ма деймін…

– Онда шыққан шығын да біраз қалтаңызды қаққан болар?

– Шығынсыз дүние бола ма? Оның үстіне қазіргі уақытта тегін ештеңе жоқ қой. Сондықтан оны қалыпты жағдай деп қабылдаймын.

– Айтпақшы, Мейрамбек досыңыз да сол күні туған күніне орай, авторлық радиосын ашты. Екі дос бір-біріне не сыйға тартты екен?

– Негізі о баста «кешіңді өткіз, біз қол ұшын созамыз» деп қолқа салған сол Мейрамбек пен Сержан Молдасан досым болатын. Жігіттер сөзінде тұрып, бастан-аяқ ұйымдастырушылық жағын жайластырды.

Негізі баяғыда бір туған күнімізде Мейрамбек: «Бір-бірімізге сыйлық жасамай-ақ, сәнімен сыйласып жүрейікші», – деген еді. Бірақ мерейлі жас болған соң ба, Мейрамбектің бастамасымен дос-жарандарым жиылып, көлік мінгізуді жөн көріпті.

Жігіттерге алғысым шексіз. Негізі ешқандай сый-сияпатсыз-ақ, кеште қол соғып отырса, әдемі өтуіне атсалысса да риза болар едім. Сөйтем, олар осындай тосын сый әзірлепті. Жалпы, кешімнің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық жанға алғыс айтамын. «Жаяудың шаңы шықпас» дегендей, жалғыз-жарым өзім жүгірсем ештеңе тындыра алмас едім.

– Жұрт көзінен жасырын ұстайтын бәйбішеңізді де алғаш рет көрсетіпсіз…

– Отбасымды, жарымды жарнамалайын деген ой болмады. Әріптестерім туған күн кешінде бірлесе суретке түсіп, әлеуметтік желіге салған соң тарап кеткен ғой.

– Өнердегі үзеңгілестеріңіз сияқты емес, отбасыңызды үнемі құпия ұстайсыз. Көз тиеді деп қорқасыз ба?

– Мәселе, көз бен сөзден қорыққанда емес. Отбасымды көрсетпей-ақ, халыққа әсем әнімді салып жүре бергенім жөн бе деймін.

– Танымал әншілердің біреудің әнін қайталай шырқағанына қалай қарайсыз?

– Бұл жалғыз қазақ эстрадасы ғана емес, әлем сахнасында етек алған үрдіске айналды. Орындаушы рұқсатын берсе, оның несі айып?

Мысалы, мен кавер-шоуға қатысқанда Айқыннан «Күндер өтуде», Нұрболат Қанайдан «Ол қыз» әнін орындап шығуға рұқсат беретін-бермейтінін сұрадым.

Мәселен, Қанайға әннің сөзіне өзгеріс енгізетінімді де ескерттім. Себебі онда айтылатын қызды әдемі әрі парасатты етіп жеткізуге тырыстым. «Жындыны жынды десең, жынды болады» деген ғой. Қазақ қыздары оғаш қылығымен танылмауы керек. Дегенмен, ол жігіттерден асыра айттым дей алмаймын. Бар болғаны әнді өз ойымша, өз деңгейімде  жеткізуге тырыстым.

– Көлік тізгіндеуден өзге нені жақсы көресіз?

– Бала кезде зілтемір көтеру мен бокске құмар едім. Бірақ денсаулығым келмеген соң, менікі емес екенін түсініп, қоя қойдым.

– Ақбөкен атуға үкімет рұқсат берді. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Киікті қырып жіберер болсақ, ертеңгі ұрпағымызға не қалады? Негізі киік болсын, басқа болсын, кез келген жануардың киесі болады. Атамның өмірінен бір жағдайды баяндап берейін.

Жарықтық атам саятшылықпен айналысқан екен. Кейде түс көріп, оны жорығанына сай орындалатын сәуегейлігі де болған. Әжем екеуі ұрпақты да кеш сүйген. Мәселен, менің әкем атамның 56 жасында дүниеге келген.

Тіпті, әр перзенті дүниеге келгенде ұл не қыз болатынын да алдын ала болжап біліп отырған деседі. Сөйтіп, әжеміз кенжесін көтергенде,  атам: «Сен көтердің, бұйырса, ұл туасың. Себебі ертоқым көрдім. Бір өкініштісі, әлгі ат әбзелінің басы сынық екен. Өткенде біреулердің өтінішімен құс атып беріп едім. Сол киелі көрінді, арты жаман болмаса екен»,–  деп өкініш білдіріпті.

Айтқандай, көп ұзамай әкемнің туған бауыры із-түссіз жоғалып кетті. Арада қанша жыл өтсе де хабар-ошар болмады.

– Билік тарапынан атом электр станциясын салу мәселесі жиі көтеріліп жатыр. Бұл бізге қажет пе?

– Елдің ертеңін ойлаймын. Сондықтан бұл мәселе жөнінде барлығымыз алаңдаулымыз. Бұл саясатқа айналып барады. Саясатқа араласпайтын болғандықтан, ашып ештеңе айта алмаймын. Осы жолда жұмыс істеп жатқан азаматтар бар. Олардың ел игілігіне қатысты мәселеде жерге қарап қалмасына сенемін.

– Сізді «үш отбасын бірдей шашауын шығармай асырап отырған азамат» деп естиміз. Осы рас па?

– Әркімнің жеке өмірі бар. Керек десеңіз, қазақ тіпті баласының санын да айтпаған. Сондықтан жеке өміріме, отбасыма қатысты сауалдарға жауап бергім келмейді.