«Үш миллион теңге, бесжұлдызды қонақ үй мен бизнес-класс»: Отандық шоу-бизнес жұлдыздары қаламақыларын айтып, нені талап ететіндерін жасырмады
“Қазақтың тойы бітпесін” деп ұрандататын шоу-бизнес жұлдыздары бір тойдан қанша теңге табатынын жасырмады. Stan.kz тілшісі отандық той-бизнестің танымал өкілдері мен белгілі блогерлерге хабарласып, тойдағы қызметтерінің құны сұрады.
Отандық шоу-бизнес жұлдыздарының сөзіне сенсек, егер әншілер тойыңыздың көркін қыздыруды қаласаңыз, миллион теңгеден астам қаражат жұмсауға дайын болыңыз. Одан бөлек басқа да шығындарын той иесі төлейтінін ескертеміз.
Алдымен қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, әнші Мадина Сәдуақасоваға хабарласып көрдік. Өнер иесінің көмекшісі бәрін бүкпесіз баяндап берді.
“Бес жұлдызды қонақ үйге ғана түседі”
“Қай қалаға болса да – 1 миллион 500 мың теңге. Барып-келу ұшақ билеті, жатын-орны бұл суммаға кірмейді. Тағы да бөлек екі билет аласыз. Бірі бизнес кластан болуы міндетті. Көмекшісіне эконом класс бола береді. Мадина міндетті түрде бес жұлдызды қонақ үйге түседі. Ол жақта жеке бір нөмер брондалуы керек. Көмекшісіне жеке бөлме керек. Одан кейін әуежайдан күтіп алу мен шығарып салуға жоғары санаттағы кез келген көлік бола береді. Бір тойда 6-7 ән айтылады. Екіге бөліп айтуға болады. Егер халық тағы да сұрап жатса, тағы да ән айтады. Басқа талабымыз жоқ. Косметика, макияж бәрін өзіміз жасатамыз. Тойға дайын болып барамыз”, – дейді әншінің көмекшісі.
“Air Astana ұшағына ғана мінеміз”
Көп концертке қатыса бермейтін алайда “табыс көзімнің дені тойдан түседі” дейтін Қайрат Түнтеков те бір тойға миллион теңгенің айналасында шығады екен.
“Бір тойға шығуы – 1 миллион 200 мың теңге. Тойда 8-9 ән айтады. Жол шығыны бөлек есептеледі. Қайрат Шымкент қаласында тұратындықтан, осы қаладан ұшамыз. Air Astana ұшағына ғана мінеміз. Біз үшін ең сенімді әуе компаниясы деп айтсақ болады. Тойға тапсырыс алып қойғанда басқа оқыс оқиғаларға тап болғанбыз. Ұшақ ұшпай қалып, тойдан кешігіп қалғанбыз. Сондықтан сенімді ұшаққа міну өте маңызды”, – деді әншінің арт директоры.
Талай тойдың сәнін келтірген хитмен Нұрболат Абдуллин де той-бизнестегі ең қымбат гонорар сұрайтын әншілердің көшін бастап тұр. Өнер иесіне 3 миллион 500 мың теңге төлесеңіз тойыңызды әнімен әрлеуге дайын.
“Бір тойдың гонорары – 7000 мың доллар. 8 ән кіреді. Осы суммаға өзіміз билет алып, қонақ үй таңдаймыз. Тек той иелері қолымызға келіскен сумманы берсе болды. Әнді екі бөліп айтады. Егер мейрамхана ішіндегі демалатын орны жайлы ыңғайлы болса, антрактіден кейін тағы да шығады. Немесе 8 әнді бір уақытта орындап та кетеді”, – деді командасының мүшесі.
“Жігіттер” тобының экс мүшесі Еркін Нұржановтың қаламақысы қарапайым болғанымен, Шымкенттен өзге өңірлерге қымбат екенін жасырмады.
“Еліміздің басқа өңірлеріндегі тойларға 1 миллион теңгеге шығады. Шымкент қаласына – 400 мың теңге. Бекітілген бағасына қарай бір рет қана шығады. Ал басқа қалаларға екі рет шығып, өнер көрсетеді”, – дейді әншінің көмекшісі.
Одан кейін Ернар Айдардың репертуарындағы әндердің басым көпшілігі тойға арналғаны жасырын емес. Өнер иесіне екі миллион теңге төлесеңіз командасымен бірге келіп, той көркін қыздырып кетеді.
“Ернардың қаламақысы 2 миллион 800 мыңнан басталатын. Қазір бағаны түсірдік. 2 миллион теңгеге тойға тапсырыс аламыз. Ұшақ, жатын-орын, көлік бәрі осы ақшаға кіреді. Әншінің командасында үш адам бар. 8 ән айтады. Екі бөлімге де қатысады. Өзіміз аппаратурасын реттеп, техникалық жағын қадағалаймыз”, – деп жауап катты әншінің көмекшісі.
Сондай-ақ, отандық шоу-бизнес жұлдыздарынан бөлек блогерлер де ән айтып, тойды табыс көзіне айналдырған. Солардың бірі Анара Батырхан “көп қаламақы сұрамаймын, көлік те таңдамаймын” деп қарапайымдылығымен таңғалдырды.
“Жигулимен күтіп алса да көңіліміз баяғыдай”
“Басқа әншілер секілді райдеріміз жоқ. Бәрін Анараның көмекші қыздары жасайды. Макияж жасайтын қыздарды да өзіміз шақырамыз. Қызмет құнын өзіміз төлейміз. Алматыда тұратындықтан 300-400 мың теңгеге шығамыз. Басқа қалаларға – 1 миллион теңге. Ең қызығы, шақырған тойға билетті өзіміз аламыз. Тек гонорар ғана берсе болды. Қонақ үйді де өзіміз табамыз. Әуежайдан қонақ үйге дейін таксимен барамыз. Той иесін күтіп алсын деген талап жоқ. Такси шақырып, мейрамханаға барамыз. Кейде той иелері күтіп алып жатады. С-класс маркалы көлік деп айтпаймыз. Жигулимен күтіп алса да көңіліміз баяғыдай. Анараны көп адам осындай қарапайымдылығы үшін сыйлайды. Гонорарын төлеп отырған той иелерін көп әурелегіміз келмейді”, – деп ағынан жарылды әншінің көмекшісі.