«Үш ғасырдың куәсі болған»: 135 жасында өмірден озған әжей жайлы не білеміз (фото)
16 желтоқсанда Қытайда ең ұзақ өмір сүрген қарттардың бірі Алымқан Сейіт 135 жасында өмірден өтті. Осы орайда Қазақпарат агенттігі kazakcnr.com сайтына сілтеме жасап ұзақ жасаған әжей жайлы қызықты деректерді назарларыңызға ұсынады. Басылымның жазуынша, Алымқан Сейіт — Қытайдың Қашқар аймағы Жаңашар ауданы Құмшілік ауылында тұрған. Үш ғасырдың куәсі болған кейуана 1886 жылы 25 маусымда дүниеге келген. Бұл кезең Қытайды маньчжурлар әулеті билеген Чинь патшалығының заманына тура келеді. Қарияны 2013 жылы Қытайдың қарттар ұйымы (Геронтология) ең ұзақ жасаған адам деп таныған.
Алымқан Сейіт 1903 жылы 17 жасында Тұрды Розыға тұрмысқа шыққан. Бірақ бала сүйе алмаған ерлі-зайыптылар бір ұл, бір қыз асырап алған. Ұлы 36 жасында ауырып қайтыс болып, көп ұзамай күйеуі Тұрды да мәңгілік сапарға аттанады.
Бүгінде Алымқан әжейдің сол жалғыз қызы Тәжігүлден тараған 40-қа жуық ұрпағы бар екен. Ал кейуананы Қашқар қаласында тұратын немересі Құрбан Нұр күтім жасап, баққан. Осылайша үш ғасырдың куәсі саналған Алымқан Сейіт 16 желтоқсан күні, 135 жасында осы немересінің үйінде өмірден озған. Фото: kazakcnr.com Қарияның жүріп-тұруы қиындаған соңғы жылдарға дейінгі күнделікті тіршілік дағдысы қарапайым болған. Таңғы сағат 5-6-да тұрып намазын оқып, 8-де таңғы асын ішкен. Кешкі сағат 10-да ұйықтап демалған. Шай ішкенді ұнатпайды, оның орнына салқын су ішкен. Нан, қоян етін жеп, кеспе, қырыққабат сорпасын ішуді жақсы көрген. Көңіл-күйі жайдары, ән айтуға әуес болған. Тіршілігінде егіншілікті кәсіп еткен кейуана қауын, шабдалы және қара өрік сияқты жемістерді жегенді ұнатқан. Сонымен бірге ең сүйікті жемісі — кішкентай, қышқыл жасыл өрік болған.