Үш баласы жетім қалды. Аналарды заңсыз митингіге шақырды деп айыпталған әйел көз жұмды

0

Арыс қаласында үш баланың анасы жол апатынан көз жұмды.

«Тағы да бір ана бақилық болды. Мына постты осыдан 1-жыл 2-ай бұрын жазған екенмін. Сол кезде Бану Құлжабаеваға Арыс қаласында көп балалы аналарды заңсыз митингке шақырды деп айып тағып оған 88 375 теңге айыппұл салынған болатын. Оған жеке сот орындаушылар тағы да 25% қосқан. Сол айыппұлы төленбеген күйі жап-жас ана Бану Құлжабаева бүгін жол апатынан қайтыс болды! Артында үш баласы жетім қалды. Неге бұлай болып кетті? Біздің қай қылығымыз ұнамай қалды Құдайға???» — деп жазды Құрал Сейітханұлы.

Сондай-ақ, ол өткен жылы күнін әрең көріп отырған әйелдің айыппұлды қалай төлейтініне алаңдаушылық білдірген.

«Бұл жас әйелдің аты-жөні Құлжабаева Бану. Арыс қаласының тұрғыны. Үш баланың анасы. Төртінші баласына аяғы ауыр кезде өткен жазда Арыста жарылыс кезінде қатты қорқыныштан түсік тастаған. Қазір тағы да аяғы ауыр. Соған қарамастан бұл әйелге Арыс аудандық соты «Әйелдерді митингке шақырды» деген айыппен 88 375 (сексен сегіз мың үш жүз жетпіс бес) теңге айыппұл салған. Оны өндіруді жеке сот орындаушыларына тапсырған. Жеке сот орындаушылар бұл сомаға тағыда 25% қосқан. Яғни тағы да 22-мың бірдеңе теңге.

Күнін зорға көріп жүрген әйел мұнша қаражатты қайдан төлейді? Енді жеке сот орындаушылары қаражатты өндіру үшін күнде Бануға қоңырау шалып мазасын алуда. Ал Бану менен көмек сұрауда.

Халықтың күнкөріс деңгейі төмен, билікке деген наразылығы әбден шегіне жеткен. Сонда халықты осылай қорқытып ұстап отыра береміз деп ойлайды ма? Тек айуандар ғана осылай ойлайды емес пе?» — деп жазған ол.