Үш алтын жеңіп алды: Қазақ спортшылары Еуропа чемпионатында

0
1090

Қазақстан Қазанда өткен жасөспірімдер арасындағы ММА бойынша Еуропа чемпионатында үш алтын медаль жеңіп алды.

«Чемпионатқа 14 елден 252 спортшы қатысты. Қазақстан атынан ұлттық құраманың 27 мүшесінен құралған команда қатысты.Төрт жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында үш алтын, жеті күміс және сегіз қола медаль бар», – деп хабарлады Қазақстанның біріккен ММА федерацияларының баспасөз қызметі.

52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда Ерсұлтан Шәкенбай ресейлік Иван Веретенниковты айқын басымдықпен жеңді.

Ал 77 келіге дейінгі салмақта Қазақстанның екі өкілі Данил Губин мен Досжан Кенбаев финалда кездесті. Төрешілердің шешімі бойынша алтын медаль Губинге бұйырды.

Үшінші алтынды ересектер арасында 61,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ақтөбелік Жәнібек Тыныштық жеңіп алды. Ол финалда ресейлік файтер Сергей Ширкуновпен кездесті. Жәнібек төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

18-20 жас аралығындағы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы екінші орынды иеленді.