«Ұрып-соғып, тепкіледі»: Алматыда такси жүргізушісі жолаушы әйелді зорламақ болған — Қазақстан жаңалықтары
Алматыда такси жүргізушісі жолаушы әйелді ұрып-соғып, зорламақ болған. Салдарынан жарақат алған әйелдің қазір жүріп-тұруы қиындаған.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.
Зардап шеккен әйелдің сөзінше, оқиға тапа-тал түсте қала ішінде орын алыпты.
«Боралдайдағы зираттарға қарсы жақта шамамен 400 метрдей жерді жүргеннен кейін адам аз жүретін жер бар. Ол сол жерге келгенде қолын артқа қарай созды. Мен қолын итеріп жібердім. Сол кезде кенеттен көлікті тоқтатып, шашымнан сүйреп, сыртқа алып шықты. Зорлағысы келді. Мен қарсылық таныта бастағанда, аяусыз ұрып-соқты. Бетімнен ұрып, бүйрек тұсымнан, аяғымнан тепкіледі», — дейді Елена.
Осы кезде сол жерден өтіп бара жатқан көліктерді көрген такси жүргізушісі ұрып-соғуын тоқтатыпты. Әйел жолға әрең жетіп, сол жерден жедел жәрдем алып кеткен.
Қазіргі уақытта Елена әрең жүріп-тұрады. Сондай-ақ, үйден шығуға қорқып қалған. Ол полицияға арызданып үлгеріпті. Айтуынша, такси жүргізушісі әлі табылмаған.
Ал полицейлер қалада жолаушыларға шабуыл жасау жағдайы жиіліп кеткенін мойындайды. Олар мұндай әрекеттің кезекті құрбаны болмау үшін, сақтық танытуға кеңес береді. Бірінші кезекте, адамдар ресми такси қызметіне жүгінгені жөн, дейді. Сонда қандай да бір жағдай бола қалса, көлік пен жүргізуші туралы мәліметтерді табу қиынға соқпайды.
«Көліктің нөмірін жаттап алып, туыстарға хабарлау керек. Қандай таксиге отырғаныңызды, қандай уақытта, қай жерге бара жатқаныңызды айтыңыз. Егер бір бағытқа бара жатып, алайда жүргізуші басқа бағытпен жүрсе, бірден «102»-ге хабарласып, шұғыл түрде хабарлау керек деп ойлаймын», — дейді қаланың әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары, подполковник Нұрлан Аманбек.
stan.kz