«Ұрпақ алдындағы парызымыз» Асқар Мамин елорданың жаңа атауы туралы пікір білдірді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Кеше президент Тоқаев Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды

НҰР-СҰЛТАН, 24 наурыз – Sputnik. Қазақстанның үкімет басшысы Асқар Мамин Алматы облысындағы жұмыс сапары аясында Астана атауының өзгеруіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды премьер-министрдің ресми сайты.

Мамин елордамыздың тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне аталуы айтулы тарихи оқиға екенін атап өтті.

«Қазір тәуелсіз Қазақстанның тарихи жылнамасының жаңа беттері көз алдымызда жазылып жатыр. Сондықтан мемлекетіміздің және оның жаңа елордасының негізін қалаушы, Ұлы даланың төрінде дамыған мемлекет құрған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлы тұлғасын осылай тарихи түрде дәріптеу – бұл біздің келешек өскелең ұрпақ алдындағы парызымыз», — деді Асқар Мамин.

Премьер-министр айтқандай, Нұр-Сұлтан – тұңғыш президент Назарбаевтың жаңа экономикалық моделінің негізгі қозғаушы күшіне айналған қала.

«Жаңа астанамыздың қалыптасуының алғашқы жылдарында Елбасымыздың «Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» бағдарламасы елорданың ғана емес, еліміздің барлық өңірінің дамуына қуатты серпін берді. Әлемдік аренада Қазақстанның ықпалы мен рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Бұл –Елбасымыздың ерен еңбегі. Астананың тұңғыш президент есімімен аталуы – әділетті әрі дер кезінде қабылданған шешім. Жаңа атқа ие болған астананың алдында бұдан да биік, ұлы мақсаттар тұр. Сонымен қатар, бұл – жаңа мүмкіндік әрі үлкен жауапкершілік», — деді үкімет басшысы.

Асқар Мамин ойын түйіндей отырып, «біз, бәріміз де, астаналықтар болып қаламыз, өйткені Нұр-Сұлтан – Қазақстанның астанасы!» деп сөзін аяқтады.

Еске сала кетсек, 23 наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласына Нұр-Сұлтан деген жаңа атау беру туралы жарлыққа қол қойды.



sputniknews.kz