Урбанизация − экономикалық дамудың маңызды драйвері
Президент өз Жолдауы арқылы елімізде 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеуді тапсырды. Бұл еліміздегі урбанизацияның жаңа картасына айналатыны анық. Бірақ бұл бағытта бірнеше бөгеттер бар. Бұл еліміздегі ірі қалалардың инфрақұрылымы кәсіпорындар мен тұрғындар санының жедел өсіп келе жатқан қарқынына ілесе алмауына, халықтың қажеттіліктеріне сай келмеуіне, болашағы жоқ ауылдар санының көбеюіне қатысты. Осы орайда заңды сұрақ туындайды: урбанизация қазіргі жағдайда несімен маңызды? Бұл процестің халықтың әл-ауқатын арттыруда қаншалықты маңызы бар?
Әлемдегі урбанизацияның негізгі трендтері
Әлем бойынша халықтың негізгі бөлігі қалаға көшіп, ауыл тұрғындарының саны азаюда. БҰҰ болжамына сәйкес, 30 жылдан кейін әлем халқының 6,2 млрд-тан астамы қалада шоғырланып, жер шары тұрғындарының жалпы үлесінің 66 пайызын құрайтын болады.
Урбанизацияның мемлекет үшін рөлін түсінудегі ең маңызды факторлардың алғашқысы – оның экономикалық өсімді едәуір ынталандыруында. Атақты әлеуметтанушы, жаһандану үрдісін зерттеуші ғалым Саскиа Сассеннің айтуынша, урбанизация мен ІЖӨ-нің арасында тікелей байланыс бар. Екіншіден, кез келген мемлекеттегі қала халқының саны 5%-ға артқан сайын жан басына шаққандағы экономикалық белсенділіктің өсімі 10%-ға өсіп отырады. Сонымен қатар болашақта әлем экономикалары емес, ірі қалалар арасындағы бәсекелестік арта түседі деп жоспарлануда.
Үшінші факторды айтатын болсақ, дамыған елдерде халықтың төрттен үш бөлігі қалаларда тұрады: Ұлыбританиядағы урбандалу көрсеткіші 83%, АҚШ-та – 82%, Францияда – 79%, Германияда 75%-ды құрап отыр. Атақты «Климаттың жаңа экономикасы» атты баяндаманың деректері бойынша, Токио қаласының ІЖӨ-сі Испанияның ІЖӨ-сінен асады, сол сияқты Лондонның ІЖӨ-сінің көлемі Швецияның ІЖӨ-сінен артық. БҰҰ өкілдерінің айтуынша, 2030 жылға қарай бар болғаны 600 қалаға әлемнің ІЖӨ өсімінің 60%-ы тиесілі болады.
Нақты іс-қимыл
Жалпы, елімізде урбанизацияға қатысты бастамалар бұрын да көтерілген. Мәселен, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының Стратегиялық жоспарының ішінде белгіленген жеті реформаның бірінде «Қуатты аймақтар мен урбанизация» атты арнайы жоспар бар. Осы реформада көрсетілгендей, елдегі урбанизацияның қарқыны мен қалаларды дамыту елдің тұтастай дамуы мен әлеуметтік-экономикалық өсімнің маңызды факторлары болып табылады. «Қуатты аймақтар мен урбанизация» – бұл әр аймақтың экономикалық тұрғыда өздігінен дамуын ынталандыру және тұрғылықты жеріне қарамастан өмір сапасының теңдігін қамтамасыз етудің алғышарты. Бұл саладағы реформалар әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтарды және аймақтар арасындағы дисбалансты азайту мақсатында тек ірі қалаларды қамтып қана қоймай, моноқала мәртебесін иеленген елді мекендерге де қатысты болады.
Азаматтардың мүддесін ескеру қажет
Жоғарыда аталған шараларға қарамастан, елдегі урбанизация науқаны тиісті нәтижелерді бере алмай келеді. Қазақстандағы урбандалу деңгейі әлі төмен деңгейде қалуда: 2014 жылы әлемдік урбанизация көрсеткіші бойынша Қазақстан 228 елдің ішінде 140-орынға жайғасты.
Қазақстанның контексіне келетін болсақ, Астана мен Алматы қалалары еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 30 пайыздан астамын қамтамасыз етіп, донор, яғни бюджетке ақша құятын қалалар болып отыр. Бұл тізімге биыл республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкент те қосылуы әбден ықтимал.
Өзге елдердегідей, бізде де ауыл мен қала халқының арасындағы өмір сапасы және табыс деңгейіндегі айырмашылықтар айқын байқалады. Бұл айырмашылықтың әлі де ұлғаю ықтималдығы бар: ауылдағы еңбек өнімділігінің төмен болуы, ауыл шаруашылығындағы инфрақұрылымның жетік дамымауы, ауылдағы өндірушілер үшін облыс орталықтарындағы негізгі тұтыну нарығынан алыс орналасуы және климаттық жағдайлар себеп болуда.
Қазіргі кезде Қазақстан халқының 57 пайызы қалада шоғырланған. Елімізде ІЖӨ-нің 95 пайызын қалалар өндіретін болса, небәрі 5%-ы ауылға тиесілі. Бұл – еліміз үшін ауқымды урбанизацияның қажеттілігін көрсететін тағы бір көрсеткіш. Миллион тұрғыны бар және халқы одан да асып кететін үш қала қарқынды «ресипиентке», яғни қабылдаушыға айналуда: соңғы деректер бойынша Алматы қаласында халық саны 1 900 000-ға жуықтаса, Астанада 1 047 000, Шымкентте 1 005 000 тұрғын тұрады.
Елдегі соңғы 10 жыл ішіндегі урбанизацияны талдайтын болсақ, қала мен ауыл халқының үлесі жалпылама және өңірлік деңгейде өзгерістерге ұшырады. 2009 жылға қарағанда қала халқының саны 4,4 пайызға артты. Өңірлердің көрсеткішімен алатын болсақ, урбанизация еліміздің көптеген облысында орын алды, тек аз бөлігінде қала халқының азаюы байқалады.
Еліміздің кей аймақтары урбандалуы бойынша республикалық орта көрсеткіштен төмен нәтижелерді көрсетуде. 2018 жылдың 1 шілдесіндегі дерекке сүйенсек, ең аз урбандалған өңір – жақында құрылған Түркістан облысы (қала халқының саны 19,5%-ды құрайды). Сондай-ақ урбандалу көрсеткіші төмен өңірлерге Алматы (қала халқының үлесі 22,7%), Жамбыл (39,7%) және Маңғыстау облыстарын (40,5%) жатқызуға болады.
Урбанизация Қазақстан үшін сөзсіз адами капитал мен әл-ауқаттың дамуын қамтамасыз етуші құралдардың бірі. Урбандалған ортада қалаға тән өзіндік ерекше мәдениет қалыптасады, халықтың әлеуетін дамытуға барлық жағдай жасалады және жаңа технологияларға, жаңа кәсiп түрлеріне бейімделу тез жүреді. Сондықтан дамыған елдердегідей орасан зор өндірістік қуат, ақпараттық, инновациялық және әлеуметтік-экономикалық әлеует шоғырланған мегаполистер мемлекеттік байлықтың негізгі өсімін қамтамасыз етуі Қазақстан үшін де маңызды.
Біріншіден, қалалар құрылысы мен елді мекендерді дамыту барысында азаматтардың мүддесін ескеру қажет. Халықтың денсаулығын және өмір сүру жайлылығын барлығынан жоғары қою керек. Ол үшін барша қала тұрғындарына тиесілі қалалық тіркеуге тұруды жеңілдету, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру қажет. Екіншіден, қалалар құрылымын оңтайландырып, ғылымды дамытуға барша қалалық ресурстарды жұмылдыру маңызды. Ірі елді мекендердегі құрылысқа арналған және ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылатын жерлерді қатаң бақылауға алу қажеттілігі де бар.
Бастысы, Президент жүктеген міндетті жүзеге асырудағы маңызды мәселелердің бірі жалған урбанизацияға, яғни тек қалалық территорияларды үлкен көлемде кеңейтіп, оны бос қалдыруға жол бермеген жөн. Үкімет тарапынан агломерациялар құру ісінде толық бақылаудың болуы қажет.
Исатай МИНУАРОВ,
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы
Дереккөз: http://egemen.kz/