ҰҚК заңсыз қару-жарақ сатқан қылмыстық топты ұстады
Қысқа сілтеме алу
Құзырлы орган мамандары қылмыс топтан 3 гранатаатқыш, 2 «Калашников» автоматы, 5 пистолет, 3 бәсеңдеткіш, оптикалық көздеуіш, әртүрлі калибрдағы 1400 бірлік патрон тәркілеген
НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындарынан құралған қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.
2019 жылдың 5 маусымында ҰҚК «А» арнаулы мақсаттағы тобы ауқымды арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде қылмыстық топтың 6 қатысушысы ұсталған.
«Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындарынан тұратын қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті. Олар ұзақ уақыт бойы криминалды атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатумен айналысқан. Тінту жүргізу барысында 3 гранатаатқыш, 2 «Калашников» автоматы, 5 тапанша, 3 бәсеңдеткіш, оптикалық көздеуіш», сондай-ақ әртүрлі калибрдегі 1400 бірлік патрон табылып алынды», — делінген хабарламада.
ҰҚК баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, күдіктілердің бірінің тұрғылықты жері бойынша қаруды жинау және қайта жасау үшін арналған жасырын шеберхана анықталған.
«Сондай-ақ бұл жерден көп мөлшерде әртүрлі құрамдас бөліктер (ұңғылар, оқжатарлар, тұтқалар, бекіту тетіктері мен басқалары) табылды. Одан басқа, қолдан жасалатын жарылғыш құрылғыларды жасау үшін компоненттер (селитра, жарылғыш дәрі және басқалары) алынды», — делінген хабарламада.
Тіркелген факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оның аясында тергеу тобы құрықталған қылмыстық топтың әрекетіне қатысы бар барлық адамды, әрі криминалды қаруды сатып алушыларды анықтайды.
sputniknews.kz