ҰҚК «террористік топ мүшелері» деген күдікпен бес адамды ұстады

0

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бүгін, 3 ақпанда таратқан ақпаратында Қарағанды және Тараз қалаларында «бес адамның терроризм күдігімен ұсталғаны» жазылған. ҰҚК 27 қаңтарда ұсталған күдіктілердің сот санкциясы бойынша екі ай мерзімге қамауға алынғанын хабарлады. Ресми деректе ұсталғандардың аты-жөні мен жасы көрсетілмеген, оларды «деструктивті діни ағым ұстанушылар» деп атаған.

«Күдіктілердің барлығы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бұрын сотталған. Олардың үстінен «террористік топ құру, оған басшылық жасау және оның әрекетіне қатысу» (Қылмыстық кодекстің 257-бабы) және «терроризмді насихаттау» (256-бап) фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды» деп хабарлады ҰҚК.

Тергеушілер аталған топ «ел аумағында, оның ішінде адамдар көп шоғырланатын жерлерде террористік актілер жасау мақсатында құрылған» деген болжам айтады..

Қазақстанда соңғы жылдары «терроризм» айыбы бойынша ондаған адам сотқа тартылған. Орталық Азиядағы постсоветтік елдің билігі әдетте мемлекет қолдау танытатын «дәстүрлі діндерден» өзгеше кей діни топтарды «деструктивті ағымдар» деп сипаттайды.

2016 жылдың жазында Ақтөбе мен Алматыда қантөгіске ұласқан қарулы шабуылдарды билік «радикал, дәстүрлі емес діни ағымды ұстанатындар ұйымдастырды» деп мәлімдеген.

БҰҰ өкілі Қазақстаннан азаматтық қоғам мен діни топтарға бағытталған аса қатал терроризм туралы заңын өзгертуді сұраған. Өткен жылы тамызда Қазақстан соты сегіз адамды желіде діни тақырыпты талқылағаны үшін «терроризмді насихаттады», «алауыздық қоздырды» деп айыптап, бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге соттады. Құқық қорғаушылар сотта олардың «экстремизмді насихаттағаны» дәлелденбегенін айтады.

Көп жылдан бері Қазақстан халықаралық ұйымдардың есебінде азаматтардың дін еркіндігі шектелетін елдер қатарында аталып жүр.

Azattyq