250 млн. теңгенің алтыны: ҰҚК шекарада ұсталған адам туралы ақпарат жариялады

0

Қостанай облыстық департаменті қызметкерлері «Қайрақ» автомобиль өткізу бекетінде Нұр-Сұлтан қаласынан Ресейдің Челябинск облысына бара жатқан жүк көлігін тексерген

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Ресейге алтын алып өтпек болған жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, 27 шілде күні шекара қызметінің Қостанай облыстық департаменті қызметкерлері «Қайрақ» автомобиль өткізу бекетінде Нұр-Сұлтан қаласынан Ресейдің Челябинск облысына бара жатқан жүк көлігін тексерген. Сол кезде жалпы салмағы шамамен 10 тонна болатын 12 көлемді қапқа салынған алтыны бар кен анықталды. Соның бәрін құжат бойынша «кварцит» деп көрсеткен.

Ал сарапшылардың бағалауы бойынша алтыны бар осындай бір тонна кеннен бір келіге дейін таза алтын шығады.

Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, 1 грамм алтынның қазіргі құны – 25 213 теңге.

«Алдын ала бағалауға сәйкес, тәркіленген өнімнің сомасы шамамен 250 миллион теңгеге жетуі мүмкін. Ұсталған жүк процессуалдық баға беру үшін Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне тапсырылды», — дейді шекарашылар.