ҰҚК ойынханадағы 30-дан астам адамды ұстады – видео

0

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген казиноны анықтады

АЛМАТЫ, 27 сәуір – Sputnik. Алматыда төтенше жағдай мен карантин режимі кезінде жұмыс істеген казино анықталды. Бұл туралы ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Наурыздан бастап елдегі төтенше жағдай мен Алматы қаласындағы карантин режимі уақытында жұмыс істеген заңсыз ойын мекемесі әрекетінің жолын кесу бойынша ауқымды операция өткізілді. Жедел іздестіру іс-шарасы 2020 жылдың 25 сәуіріне қараған түні өтті «, — делінген ақпаратта.

Оқи отырыңыз: ҰҚК 20 лауазымды тұлғаны ұстау сәтінің видеосын жариялады

Нәтижесінде қаланың орталығында орналасқан әкімшілік ғимаратта құмар ойындарына қатысқан 30-дан аса келуші мен персонал ұсталды.

Жедел іздестіру іс-шарасын Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің жергілікті департаменті өткізді. Іздестіру шарасына Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшесі тартылған.

«Құмар ойындары өтетін орынға кіру үшін арнайы өткізу жүйесі әрекет еткен, ол бойынша ішке тек тұрақты келушілер ғана кіре алатын болған. Аумағы 1000 шаршы метрден асатын казино ішінде тінту іс-шараларын жүргізу барысында покер мен америкалық рулеткаларға арналған 6 үстел, көптеген ойын картасы мен фишкалар табылды», — делінген ресми ақпаратта.

Сонымен қатар тінту іс-шаралары кезінде бір күндік заңсыз әрекеттен түскен ірі мөлшердегі қаражат табылды.

Ойын мекемесін заңсыз ұйымдастыру дерегі бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 307-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал операция кезінде ұсталған адамдарға төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.



sputniknews.kz