ҰҚК аса маңызды базаның мәліметтері заңсыз өзгертілгенін мәлімдеді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Е-Лицензиялау» мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтерді түрлендірді деген күдікке ілінген адамдардың кінәсі толық дәлелденді

НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. «Е-Лицензиялау» мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтерді заңсыз түрлендіруге қатысы бар адамдар сотталды, деп хабарлады ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.

ҰҚК бұл база Қазақстанның ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының аса маңызды объектісі болып саналатынын атап өтті.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Е-Лицензиялау» мемлекеттік базасындағы мәліметтерді түрлендіру жолымен заңсыз лицензиялар берумен айналысқан адамдарды әшкереледі. Қылмыстық әрекет белгілерін «Қазақстанның Киберқалқаны» жүйесі шеңберінде құрылған «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жедел ақпараттық қауіпсіздік орталығы тіркеген», — делінген хабарламада.

«Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның техникалық мамандары бірлесіп жүргізген кешенді компьютерлік-техникалық сараптаманың нәтижесінде «Е-Лицензиялау» мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтерді түрлендіруге қатысты деген күдікке ілінген адамдардың кінәсі толық дәлелденді.

Оқи отырыңыз: ҰҚК қызметкерлері ойынханадағы 30-дан астам адамды ұстады – видео 

2020 жылдың 10 ақпанында Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының шешімімен сотталушылар Қылмыстық кодекстің 206-бабы 2-бөлігі 1-тармағы «Ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру» бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді. Олар 2 жыл мерзімге Қазақстан Республикасы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектілеріне кіруге рұқсат берумен байланысты квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым иелену құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енді.



sputniknews.kz