«Үнемі ұрып, қылқындырып, қорлайтын»: Алматы облысында 21 жастағы келіншек 6-қабаттан құлап көз жұмды

Алматы облысында 6-қабаттан құлап мерт болған жас ана Ажар Тәуекелқызының өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Марқұмның артында бір жастағы ұлы қалды. Ата-анасы сот-медициналық сараптама қорытындысымен келіспей, қыздарының өздігінен суицид жасамағанына сенімді. Олардың айтуынша, Ажар күйеуінен үнемі зорлық-зомбылық көріп, таяқтан көз ашпаған. Полиция оқиғаны растады, тергеу жүргізіліп жатыр.
«Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді», — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қыздың ата-анасы бір күн бұрын қыздары енесінің достарын күту үшін асығып кетіп қалғанын айтады.
«Қызым мереке күні апасын құттықтап, күйеуі келген соң асығып кетіп қалған. Бізге енесінің достары үйге келетінін, оларды күту үшін дастархан жасап, дайындалатынын айтқан. Яғни, тағыда ішімдік ішілген, қанша адамды күткенін білмейміз. Қызым өзі ішімдікке жоқ, жас баласы бар. Ертеңіде түскен кейін қызымның өлгенін естідік. Енесі ажырасқан, ішімдікке жақын, қызыма не істегендері белгісіз. Күйеуі осы жолы ұрған болуы мүмкін», — деді марқұмның анасы.