Үндістанда дәрігерлер науқастардың көздерін ойып алып тастауда

0

Үндістанның жеті штатында тағы бір ауру елдегі эпидемиологиялық жағдайды күрделендіріп жіберді. Дәрігерлер «қара зең» деген атаумен танымал мукормикоз ауруына шалдыққан науқастардың көзін ойып алып тастауға мәжбүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, «қара зең» ағзаның коронавирусқа және оны емдеуге қарсы көрсеткен жанама реакциясы. Бұл ауру COVID-19-дан емделген науқастардың ағзасында екі-үш апта өткен соң анықталуда. Десек те бір айта кетерлігі, мукормикоз адамнан адамға жұқпайды.

«Бұл инфекциялық ауру емес. Науқас жанындағы адамға оны жұқтыра алмайды. Мукормикоз көбіне қант диабетіне шалдыққан, иммунитеті әлсіз және көп уақыт бойы стероид қабылдағандардың бойында байқалады. Аурудың қоздырғышы — топырақта, өсімдіктерде, шіріген көкөністер мен жемістерде кездесетін саңырауқұлақтар», — дейді дәрігер Анил Гоял.

Мукормикоз — сирек кездесетін ауру. Ол мұрынға, миға және өкпеге кері әсер етеді. Қазір Үндістанда мыңдаған адамдар «қара зеңге» шалдыққан, дәрігерлер саңырауқұлақтың миға енуіне жол бермеу үшін бір немесе екі көзін алып тастауға мәжбүр. Вирус жұқтырғандардың шамамен 60 пайызы осындай процедурадан өткен.

Еске салсақ, бұған дейін Үндістанда COVID-19 пандемиясы аясында сирек кездесетін ауру өршіп жатқаны айтылған еді.