Үндістан билігі елде наразылық күшейген тұста интернетті бұғаттады

0

Үндістан билігі елде наразылық күшейген тұста 21 аймақта интернетті бұғаттап тастады. Қазір Үндістанда жаңадан қабылданған азаматтық туралы заңға қарсы жаппай наразылық өтіп жатыр.

Интернет бұғаттау шарасы қай уақытқа дейін созылатыны белгісіз. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, елдегі наразылық кезінде полиция бес мыңнан астам адам ұстады. Мыңнан астам қамалды.

Интернет қолданушылары жаңа заңды сынап 19 мыңнан астам пост жазған. Бұл жазбалардың бәрі өшірілген. Ел билігі интернеттегі жазбалар бойынша 90-нан астам іс қозғады.

Журналистер Тәж-Махал орналасқан Агра округінде де интернет бұғатталғанын хабарлады.

Үндістан елде азаматтық алу туралы жаңа заң қабылдаған. Бұл заңға сай, Пәкістан, Ауғанстан және Бангладештегі мұсылман емес адамдарға азаматтық алу жеңілдеген. Заңға үндістандық мұсылмандар қарсы шыққан. Олардың ойынша, жаңа ереже олардың конституциялық құқығын бұзады. Заңға шекара маңында тұратындар да қарсы. Олар Бангладештен босқындар қаптайды деп қауіптенеді.

Azattyq