Үнді жауынгерлері қазақстандық бітімгерлердің дене дайындығына таңдай қақты — Қазақстан жаңалықтары

0

Әлеуметтік желілерде Ливандағы қазақстандық бітімгерлердің жаттығуы түсірілген бейнежазба тарады. Құрамында Қазақстан жауынгерлері қызмет ететін үнді батальонының қолбасшылығы олардың дене даярлығына таңданысын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап хабарлайды.

бітімгерлер

БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің құрамындағы қазақстандық контингенттің қолбасшысы Жәнібек Нұрланов бітімгершілік қызметтің қалай жүріп жатқандығы туралы, сондай-ақ ерекше көзге түскен қарамағындағы жауынгерлер туралы айтып берді.

«Қызмет өте қарқынды өтуде. Бітімгершілікшілердің негізгі уақыты жедел-жауынгерлік міндеттерді орындауға бөлінеді, бірақ бос уақытында жеке құрам дене дайындығын арттырумен, көркем кітаптар оқумен айналысады. Қызметті орындау үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалған. Бильярд үстелі, ойын ұстелдері, түрлі музыкалық аспаптар және үлкен кітапхана сияқты психологиялық жеңілдеу орындары бар. Әскери міндеттермен қатар БҰҰ-ның тағы бір мақсаты бірлік орнату және әр түрлі елдердің әскери қызметшілері арасында мықты достық құру болып табылады және осы бағытта әдетте әртүрлі спорттық іс-шаралар өткізіледі. Бұл волейбол, футбол, үстел теннисі және әр түрлі қашықтыққа марафондар. Коронавирусқа байланысты аталған іс-шаралар тоқтатылды, бірақ біз үстел теннисі турниріне қатысып, бірінші орынға ие болдық», — дед ол.

Жәнібек Нұрлановтың сөзінше, Ливандағы қазіргі жағдай тұрақты. Сонымен қатар, Қазақстандық бітімгершілік ротасының жауапкершілік аймағында да жағдай тыныш.

Коронавирустың жаңа белең алуына байланысты Ливан билігі төтенше жағдай режимін 2020 жылдың 7 маусымына дейін ұзартқан екен. Алғашқы рет елде індет режимі коронавируспен күресте алдын алу шарасы ретінде 16 наурызда енгізілді, қазіргі уақытта Ливан сыртқы әлемнен толығымен оқшауланған: халықаралық әуежай, теңіз айлақтары мен құрлықтағы шекаралар жабылды.

«БҰҰ қызметкерлерінің арасында коронавирус жұқтырған адамдар жоқ…Карантиндік режимге қарамастан, барлық қойылған жауынгерлік міндеттер толық көлемде орындалады», — деді Жәнібек Нұрланов. 

«Басқа мемлекеттердің әскери қызметшілері қазақстандық бітімгерлердің кәсіби деңгейін қалай бағалайды?», — деген сұрағына ол келесідей жуап берді.

«Жергілікті халық пен басқа да қатысушылар бізге өте мейірімді қарайды және БҰҰ уақытша күштерінің қолбасшылығы біздің бітімгерлеріміздің кәсіби шеберлігіне дән риза. Қазақстан халқы әрдайым интернационалды болды, менің әскери қызметшілерім барлық елдер өкілдері арасында құрметке ие.  Біздің құрамның жақсы дайындығын атап өтті», -деді қазақстандық контингенттің қолбасшысы.

Сонымен қатар, Жәнібек Нұрланов әлеуметтік желілерде тараған видеоға пікір білдірді. Онда қазақстандық бітімгерлердің белтемірдегі жаттығу түсірілген, олардың дене дайындығына үндістандық әріптестерінің таңданысын көруге болады.

«Бұл бейнеролик 2020 жылдың 8 мамырында жоғары басшылықтың БҰҰ бөлімшелерінің жауынгерлік дайындығын тексеру барысында түсірілді.  Біз өз кезегімізде, гимнастикалық жаттығулар көрсеттік. Біз десантшылар болғандықтан, бұл жаттығу — басты снарядтардың бірі. Жаттығуды кіші сержант Бахрам Ансардин, ефрейтор Асқар Ыбрайым, ефрейтор Евгений Одинцов орындады. Осы тексерістің қорытындысы бойынша біз бөлімшелер арасында физикалық шеберлікті көрсетуде бірінші орынға ие болдық. Бұл жаттығудың орындалуын үнді контингентінің қолбасшысы және басқа қонақтар бақылап отырды. Аталған әскери қызметшілер үздік дене дайындығы үшін марапатталды. Бұл кездейсоқ емес, үшеуі спортпен белсенді айналысады», — деді ол.

Жәнібек Нұрланов жаттығуды орындаған әскерилерге тоқталып өтті.

«Бахрам Ансардин — Алматы облысынан, әскери мамандығы — атқыш. Жеңіл салмақта қол күресінен Алматы облысының чемпионы. Асқар Ыбырайым да Алматы облысынан, әскери мамандығы — мерген. Еркін күрестен спорт шеберіне үміткер. Евгений Одинцов — Шығыс Қазақстан облысынан, әскери мамандығы — радиотелефонист. Оның спорттық гимнастика бойынша бірінші жасөспірімдер разряды бар», — деді қазақстандық контингенттің қолбасшысы.

Ол аталған видео әлеуметтік желіде таралып, теледидардан көрсетіледі деп күтпеген.

«Бірақ видеоның астындағы пікірлер өте жағымды, бұл жеке өзімде бітімгер жауынгерлеріміз үшін мақтаныш сезімін тудырады», -деді Жәнібек Нұрланов.

 

 

stan.kz