«Ұнай ма, ұнамай ма — беру керек»: Қазақстан азаматтарына берілетін 10 сотық жер туралы премьер-министрінің орынбасары айтты

0

ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ҚР азаматтарына 10 сотық жер телімін беру мәселесіне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл мәселе Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында қарастырылды.

«10 сотық жер телімі бойынша Кодексте жазылған. Ұнай ма, ұнамай ма — беру керек, ол — Кодекс нормасы. Сондықтан бұл мәселеде барлығын ретке келтірген жөн», — деді Еуропалық құқық және адам құқығы сарапшылық институтының директоры, саясаткер Марат Башимов.

Өз кезегінде ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов көтерілген мәселе жан-жақты қаралатынын айтты.

Айтуынша, 10 сотық жер телімін бөлуге қатысты ең алдымен тиісті жұмыстар атқарылуы керек. Яғни жер телімі берілетін болса, инфрақұрылымның салынуына ерекше назар аударылуы тиіс.

«Инфрақұрылымның өзін жүргізу үшін орта есеппен 4 трлн-нан артық қаражат керек болады. Сондықтан осының барлығын есептеуіміз керек. Бұл бағыттағы жұмыстар бір күнде шешілетін мәселе емес», — деді Тоғжанов.

Сондай-ақ, заңгер Бақытжан Базарбек 2018 жылы Жер Кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты тыйымдар бар екенін айтып, олқылықтарды атап өтті.

«Бізде жер мәселесінде көптеген маңызды мәселелер бар. Құқықтық қатынастардағы сыбайлас жемқорлық мәселесі басты мәселелердің бірі болып табылады. 2018 жылы Жер Кодексінің 97 бабына өзгерістер енгіздік. Осы өзгерістерге сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің нысаналы мақсатын өзгертуге тыйым салынды», — деді Бақытжан Базарбек Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында сөйлеген сөзінде.