«Үмітімізді үзді ғой»: Түркістан облысында жалғыз ұлынан айырылған қария сот шешіміне наразы — Қазақстан жаңалықтары

0

Түркістан облысында жалғыз ұлынан айырылған қария әділдік іздеп жүр. 70 жастағы ақсақалдың жеті қыздан кейін көрген мұрагерін жоғары оқу орнының студенті өлтіріп кетіпті. Алайда қылмыскер бар кінәні мойнына алғанымен, сот оны небәрі бір жыл алты айға ғана бас бостандығынан айырыпты.

"Үмітімізді үзді ғой": Түркістан облысында жалғыз ұлынан айырылған қария сот шешіміне наразы

Сурет: «Еуразия бірінші арнасы»

Бекбауовтар отбасының басына түскен қайғы кім-кімді болса да тебірентпей қоймайды. Жеті қыздың ішінде жетілген жалғыз ұл қапияда қаскөйдің қолынан қаза тапты. Салдарынан бір жанұя ат ұстар азаматынан айырылып қалды, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Менің әкем де әкеден жалғыз бала еді. Оның әкесі де әкеден жалғыз еді. Аманымыз да осы әкеден бір бала ғана еді. Үмітімізді үзді ғой біздің», — дейді марқұмның әпкесі Гүлназ Бекбауова.

17жастағы Шардара ауданының тумасы Аманжол Бекбауовты өткен жылдың қазанында курстасы қасақана өлтірген. Дене шынықтыру сабағында бойының қысқалығына қарамай, сапта бірінші тұруым керек деп, Аманжолға әлімжеттік жасапты. Ақыр соңында жатақханада жатқан жерінен далаға алдап алып шығып, аяусыз ұрып-соққан. 

Сөйтіп, сотталушы жігіт Аманжол Қуандықұлын жекпе-жекке шақырып, 5 рет ауыр соққы берген. Соққы оңай болмады ма, Аманжолдың басы гараж есігіне тиген. Құлаған сәтте сол күйі есін жоғалтқан. 

«Куәгерлердің айтуы бойынша, екі немесе үш мәрте басынан соққы алады.  Одан тұрған кезде көкіректен алады. Көкіректе дақ болатын. Төртінші соққы ауыздан тиеді. Сонда құлап, гараждың есігіне құлайды», — дейді марқұмның туысы Оразәлі Бақтияров.

Осы жағдайдан кейін бозбала 25 күндей жансақтау бөлімшесінде жатып, ақыры көз жұмған. Оны өлімші етіп сабап тастаған жігітті бастапқыда тәртіп сақшылары ұстағанымен кейінен босатып жібергенге ұқсайды. Тек студент қайтыс болғаннан кейін қайта қамаған. Сөйтіп оның үстінен қылмыстық іс қозғапты. 

«Бастапқыда тергеуші 106-баптың 3-тармағымен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) жүргізіп жатқан бұл істі. Темірбаев деген прокурорымыз 104-баптың 1-тармағымен (Абайсызда қазаға ұшырату) сотталуын сұраймын деп айтты. Айды аспанға бір-ақ шығарды. Неге олай болып қалғанын түсінбей қалдық. Әлі күнге түсінбей келеміз», — дейді марқұмның әпкесі Ботагөз Бекбауова.

Кісі өліміне себепкер болған жігіт Әл-Фараби аудандық сотының шешімен кінәлі деп танылған. Сөйтіп, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылыпты. Бірақ жазасын түрмеде емес, қоныс колониясында өтейтін көрінеді. Ал соңы кісі өлімімен аяқталған қылмыстық істі судья былайша түсіндіріп берді. 

«Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы жаңа айып түсіріп сотқа, оны 106-баптың 3-бөлігінен бас тартып, 104-баптың 1-бөлігімен айыптауды сұраған. Сот тергеу барысында сотталушы өз кінәсін толығымен мойындаған», — дейді судья Сәбит Төреханов.

Дегенмен марқұмның туыстары соттың үкімімен келіспейді. Жуырда аппелациялық алқаға қайта шағым түсірді. Енді соның шешімін күтіп жүр.

stan.kz