«Үміт үзбеңіздер!»: Саясат Нұрбек грантқа ілінбеген түлектерге үндеу жасады

0

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек грант алмаған түлектерге тағы да түрлі нұсқалардың бар екенін айтты. Әсіресе, жоғарғы баллмен грантқа түсе алмаған оқушылар үшін бұл үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.

Құрметті биылғы талапкерлер! Қадірлі ата-аналар! Соңғы уақытта елімізде орын алған су тасқыны бүкіл елге ортақ сынақ болды. Осы жағдайға байланысты, біз жоғары білім алуға гранттардың аз ғана бөлігін зардап шеккен өңір түлектеріне бөлдік. Саны көп те емес, 5112 грант. 20 мыңнан астам түлек су басқан өңірден бітірсе, соның 10 мыңнан астам түлегі өздеріңізбен бірдей жалпы конкурспен өтті. Біз оны әділ және ашық түрде бөлуге бар күш-жігерімізді салдық. Кешегі ата-аналар мен балалардың қуаныш жасын көріп, біз де бірге қуандық. Бірақ, өкінішке орай, грант ала алмаған түлектер мен отбасылардың мұңында да біз біргеміз. Көптеген адам министрлікке, маған хабарласып, жазып жатыр, ал осы нәтижені сабырмен қабылдағандар да бар екен. Айтайын дегенім, үміт үзбеңіздер! Грант алу мүмкіндіктері әлі де бар! Биылғы конкурсқа қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 11 мыңға көп, сондықтан бәсекелестік те өте жоғары болды. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін квота қарастырылғанымен, сол аймақтардың талапкерлері жалпы конкурс бойынша грант ұтып алды. Грант алғандардың тек 1130-ы немесе 1,7%-ы мүмкіндікті пайдаланды. Бұл аймақтарды қолдау үшін талапкерлерге дайындалу және конкурсқа құжаттарын тапсыру үшін мерзімі кеңейтілді, және конкурсқа ең жақсы ҰБТ нәтижесі бар сертификатын ұсыну мүмкіндігі берілді, — деп жазды министр.

Фото: facebook.com/sayasat/