«Үміт бар ғой, үміт»

0

Бүгін онкологиялық орталыққа барғанбыз. Дәрігерді күтіп отырғанда неше түрлі адамды көресің. Бір отбасы келді. Екі ұлы мен немересі жасы сексеннен асқан атаны арбаға салып алыпты. Химия алып жүр екен. Ата ыңырсып әрең отыр. Бірақ балалары асты-үстіне түсіп, киіндіріп-шешіндіріп зыр жүгіріп жүр. Біздің әкейге де амандасып, үлкенді сыйлап тұр. Қайырымды ұрпағы бар бақытты адам екен деп ойладым…

Шамамен жасы қырық бестен асқан ерлі-зайыпты келді. Әйелінің құр сүлдері қалған. Жаман дерт құлақ, мойын жақтан алған сияқты, құлақ пен тамақтың бір жағын таңып қойған. Диванға отырған кезде де дірілдеп әрең отырғаны байқалады. Бірақ күйеуі сондай мың болғыр жан екен. Әйелін сонша бәйек болып өбектеп, бетін сипап отырғанына қарап жылап қалдым. Ол әйел ауру болса да көп әйелден бақытты көрінді. Өйткені қиын сәтте өмірлік жұбым деп таңдаған адамы тастап кетпей, ішіп кетпей, адам сияқты қолдау көрсетіп отыр. Әйелін емге кіргізіп болған соң біреумен сөйлесіп, «үміт бар ғой, үміт» деп даусы жарқын-жарқын шықты. Алла шипасын беріп, жазылып кетсе екен. Солай боларына сендім де, анандай қолдаушысы бар екеніне қарап. Бізге осындай адамдар үлгі болуы керек. Отбасы құндылығы деген осы шығар…

Жадыра НАРМАХАНОВА