Ұлытауда «Қазақмыс» кеншілері өндіріс жұмысын тоқтатып, ереуілге шықты
Ұлытау облысында «Қазақмыстың» жүзден астам жұмысшысы наразылыққа шықты. Ереуілге шыққандар кен орнының басшылығына бірқатар талаптарын жеткізді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
13 тамызда түнгі ауысымға шыққан Сәтбаев қаласындағы №65 шахтаның қызметкерлері жұмысын тоқтатып тастап, жаппай назарылыққа шықты. Кеншілердің ереуіліне корпорацияның басқа филиалдарының қызметкерлері де қосылды.
«Қазақмыс» баспасөз қызметі өндіріс орнында жұмыстың тоқтағанын растады.
Кеншілер корпорация басшылығына төмендегідей талаптарды қойды:
1)еңбек жағдайын жақсарту;
2) мүгедектік пайызын 29-дан 50 пайызға дейін арттыру;
3) жақында кәсіпорында қайтыс болған жұмысшы Е. Ербосыновтың ұлын жұмысқа алу;
4) демалыс күндерін 48 күннен 54 күнге дейін созу;
5) жұмысшылардың бір жарым жыл еңбек өтілін есепке алу;
6) ескі тау-кен жабдықтарын кондиционері бар жаңа қондырғыларға ауыстыру;
7) шахталарға жұмысшылар қабылдау;
8) жұмысшы жетіспеушілігін түсіндіру.
Сондай-ақ наразылық акциясын ұйымдастырушылар медициналық сақтандыру шарттарын қайта қарауды және шахтерлар күніне орай 100 мың теңге көлемінде сыйақы төлеуді сұрады.
Оқиға орнына «Қазақмыс» басшылығы, прокуратура, жергілікті атқарушы билік өкілдері жиналды.
Қазір «Қазақмыс» басшылығы мәселені шешу үшін шахтерлермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Аталған жағдайға байланысты аймақтық жедел штаб жұмысы құрылды.