Ұлытауда алимент төлемегені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды

0

Ұлытау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК-ның 139-бабымен айыпталған Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.  

Сотта анықталғандай, Сәтбаев қалалық сотының 2013 жылғы 29 тамызындағы шешімімен Т.-дан Н.-ның пайдасына кәмелетке толмаған 2 баланы күтіп-бағуға алименттер өндірілген. 

Соттың шешімі бойынша алимент төлеу жөніндегі міндеті туралы біле тұра, Т. одан жалтарған, сол үшін соттың 2017 жылдың 13 наурызындағы үкімімен ҚК-ның 139-бабымен кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.  

Алайда, қылмыстық жауапкершілікке тартылған соң да, бірнеше рет ескертілгеніне қарамастан, Т. тиісті қорытынды жасамай, кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін орындаудан қасақана түрде жалтаруын жалғастырған. Т.-ның құқыққа қайшы әрекеттерінің нәтижесінде алимент өндірілгеннен бастап 2024 жылдың 29 шілдесіне есептелген жалпы берешек 4 412 029 теңгені құраған. 

Сот отырысында сотталушы айып бойынша кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Жәбірленуші сотталушының алимент төлейтініне сенбейтінін айтып, оған қатаң жаза тағайындауды сұраған. 

ҚК-ның 139-бабында алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көрсетілген. 

Т.-ның бұрын дәл осындай қылмыс жасағаны үшін сотты болғанын және одан өзіне дұрыс нәтиже жасамағандықтан, сот оған көзделген жазалардың арасынан неғұрлым қатаң жаза тағайындау қажет деп есептеп, 1 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындап, сот залынан қамауға алды.  

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.